Президент • Бүгін, 13:30

Президент мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық сайлау жүйесін сақтап қалуды ұсынды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси жүйені жетілдіру бағытындағы өзгерістер мен сайлау үдерісін демократияландыру шараларының жалғасатынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Президент мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық сайлау жүйесін сақтап қалуды ұсынды

«Саяси бағдарымыз бен қабылдаған нақты шешімдеріміз ұлтымыздың ұзақ мерзімді мүддесі мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау, елді дамыту қағидаттарын көздейді. Мұны берік ұстанамыз.

Жолдауда бір палаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақтау қажет екенін ашық айттым. Бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізеді. Сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. Яғни мемлекеттілігімізге пайда әкеледі. Бұл ешқандай кері кету немесе демократиялық қағидаттардан бас тарту емес. Ел қамын ойлап, саяси тұрғыдан салмақтап осындай ұйғарымға келдім», дейді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, аймақтық деңгейде азаматтар билікпен тікелей әрі тұрақты қарым-қатынас жасайды. Сондықтан жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетуге тиіс.

«Соңғы жылдары тікелей сайлау институтын айтарлықтай кеңейттік. Әуелі ауыл әкімдерін сайлауды енгіздік, кейін ол аудан, содан соң облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлауға ұласты. Сол себепті Қазақстанда ай сайын түрлі электоралды науқан жүріп жатады. Бұл біздің өңірдегі бірегей саяси тәжірибе саналады.

Баршамыз осынау істің мақсатқа сай орындалуын бақылап, егер оның жағымсыз салдары болса, шара қабылдау қажет. Реформалар – табиғи үдеріс, мұнда артық консерватизмге орын жоқ. Жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санаймын», дейді Мемлекет басшысы.