Күншығыс пен күнбатысқа қараймыз. Жапонияда «Мемлекеттің негізі қаланған күн» – көне түрік қағандарымен замандас императорының 660 жылы тұңғыш таққа отырған уақыты. Қытайда «ҚХР-дың құрылған күні» – осыдан 76 жыл бұрын Мао Цзэдун елін коммунистік арнаға бұрған кез. Әлем үлгі алған Франциядағы «Республика күні» – 1789 жылы тастүйін Бастилия қорғанын бағындырып, республика жариялаған шағы. Гёте жұртында елдікті айқындайтын ең ұлық мейрам «Герман бірлігі күні» – бір ұлтты қақ бөлген Берлин қабырғасы құлатылып, ынтымаққа қадам жасалған сәт, яғни 1990 жылдың 3 қазаны.
Байқасаңыздар, Республика күніне қатысты әр елдің ұстанымы, арман-тілегі, жоспар-жобасы әрқилы. Бірақ бәріне ортақ сипат бар: ол – жаңаруды һәм алдағы қағидатты жолды анықтау.
Біз сақ пен ғұннан басталатын арғы-бергі түрік қағанаттарында, ұлық ұлыс пен қазақ хандығында, Алаш автономиясы мен Түркістан мұхтариятында елдік ұстаным берік болғанын ұмытпаймыз. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ елінің «Мемлекеттік егемендік туралы декларациясын» жоғалтқанды қалпына келтірген, үзілгенді жалғаған құжат деп қабылдаймыз. Осында «қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, iзгiлiктi демократиялық құқықтық мемлекеттi құруға бел байланғаны» тайға таңба басқандай жазылған.
«КСРО тарқамайды, жаңарады» деп отырған шақта әзірленген Егемендік декларациясының «Халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүддесiне сай белгiлеуге... БҰҰ қызметiне қатысуға құқы бар» деген тұжырымы қоғамды рухтандырды. Сондай-ақ осы құжаттағы республиканың «Жоғарғы кеңесі мен Президентіне бағынатын және солардың бақылауында болатын өз iшкi әскерлерiн, мемлекет қауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға құқы бар» деген тегеурін де елең еткізді. Әрине, мұндағы сол кезеңге тән саяси-құқық терминология мен стильді байыптап оқу маңызды.
Сөз мәнін, ұғым-лұғатты зерделей алатын адамдардың жөні бөлек, ал былайғы жұртқа сол кеңестік «республика» (кіші әріпті) мен азаттық таңындағы «Республиканың» (үлкен әріпті) айырма-парқын қалай түсіндіреміз? Иә, мұның да тәлімді мәні бар. Мәселе үлкен не кіші әріппен жазылуында емес. Мысалы, ағылшын мен туысқан түрік тілінде зат есімнің бәрі ағыл-тегіл бас әріппен жазыла береді...
Бірінші түсінік кеңестік (большевиктік) көзбояушылық туралы. Қазір шеттен тәуелсіздікке тас атқандар бөсіп жүргендей, «Ленин ұлттық республикаларды құрып, одақтың астына жарылғыш зат тастап кетті» емес, саяси басшылық «республика» сөзімен әлемді де, жергілікті халықты да алдаусыратып қойды. «Әр ұлт өз тағдырын өзі шешуге құқылы» дегендей. Мұның жалғасы – 40-жылдары кей республиканы формальді түрде БҰҰ-ға кіргізу дер едік. Сондықтан кеңестік республиканың тарихи рөлін төмендетпей, бұл шындықты да еске салған жөн.
Екінші түсінік тәуелсіз еліміздің атауы туралы. Біз Егемендік декларациясын қабылдаған Жоғарғы кеңес (парламент) пен оның депутаттарының ерен еңбегін бағалаймыз. Бұл шақтағы тілдік-демографиялық ахуал да, көп депутаттың оқыған-тоқыған ортасы да белгілі. Мәселен, ойлы азаматтар әлі күнге мына пікірді айтады: «Сол кездегі Жоғарғы кеңес күн тәртібіне «республика атауын өзгертуді» емес, «ескірген кеңестік саяси терминдерді (советтік социалистік) алып тастауды» қойса, бәрі орайымен шешілер еді...». Дербестіктің елең-алаңындағы депутат, марқұм Мұрат Әуезов кейін: «Біз республика сөзіне екпін түсірдік. «Қазақстан Республикасы/ Республика Казахстан» қандай асқақ естіледі!» деп түсіндіргені жадымызда. Бас әріп осылай алға шықты (лингвистика тілімен айтсақ, ерекшелеу үшін).
Малайзия күні жарияланғанда (бұл елде де Тәуелсіздік күні мен Федерация /республика/ күні екі бөлек) болашақ әйгілі премьер-министр Махаткир Мохамад 32 жаста осы елдегі жетекші партияның қатардағы мүшесі әрі кәсібіне білек сыбана кіріскен дәрігер екен. Жерлестері қуаныштан теңкөлегін (ұлт бас киімі) аспанға атып жатқанда, келешектегі жиырма жылдан астам премьер-министрлік жолын, елінің күрт дамитынын құдай санасына салды ма екен, әйтеуір: «Ем-дом жасарда науқаспен сөйлесіп, жағдайын білем, соған сай көмектесем. Саясатшы да осылай істеуі қажет» депті...
Қазір елімізде әділеттілік аясында жүріп жатқан саяси реформалар мемлекет пен қоғам ағзасындағы дертті емдеуге бағытталғанынан көпшілік хабардар. Ұлық мереке де елдік істен есеп алады. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Саясат ісі бірлікпен орнына барады» деп бекер айтпаса керек.