Фото: Атырау газеті
Бүгін депутат Берік Бейсенғалиев Мәжілістің жалпы отырысында жылу желілерінің тозуынан тұтынушы, яғни қарапайым халық зардап шегетінін атап өтті.
Сондай-ақ ол еліміз бойынша жылу желілерінің орташа тозығы 52% екенін және жылу электр орталықтарының 76%-ы 50 жылдан, одан қалғандары - 30 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқанына назар аударды. Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, мұндай көрсеткіш кез-келген елді мекенде апаттың ықтималдығын арттырады. Депутат осы мәселелерді шешу үшін бірқатар іс-шара қабылдауды ұсынды.
«1. Өңірлердегі тозығы 60%-дан асқан жылу желілерін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде жаңғырту бойынша жұмыстарды жеделдету және жылумен қамту бойынша жеке блокты бөліп шығарып Ұлттық жоба мен өңірлік бағдарламалардың үйлесімділігін қамтамасыз ету;
- Неғұрлым тозығы жетіп, апаттық жағдай алдында тұрған, жылу трассаларын, жылу электр орталықтары мен қазандықтарды қайта жаңарту үшін, әсіресе тозу деңгейі сын көтермейтін өңірлерге Орта және ұзақ мерзімді бюджет жоспарлау аясында жеткілікті әрі тұрақты қаржыландыруды қарастыру;
- Ескірген жылу желілеріне түсетін жүктемені азайту және олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін энергия үнемдеу технологиялары мен баламалы энергия көздерін пайдалануды кеңейту;
- Жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инвестиция тартуды күшейту, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері мен «жасыл» облигацияларды шығару;
- Саланың кадрлық және ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру, Жылу электр орталықтары үшін мамандарды даярлаудың мақсатты бағдарламаларын енгізу және отандық жабдық өндірушілерін қолдау қажет», деді Берік Бейсенғалиев.