«Уақыт жебесі» атты бестомдық ел өмірінің кейінгі отыз жылдағы маңызды тұстарын қамтиды. Оның алғашқы томы мемлекеттегі қоғамдық-саяси өзгерістерді екшеуге, саяси баға беруге бағытталса, «Тұғыры биік тұлғалар» деп аталған екінші томдыққа автордың баспасөз беттерінде ұлт тарихынан ойып орын алатын тарихи тұлғалармен өрбіген сұхбаттары мен мақалалары енген. «Алапат соғыс ақиқаты» деп аталған үшінші кітап сұрапыл соғыс кезеңінің қазақ оқырманына бұрын беймәлім, құпия тұстарын ашып, қайсар жауынгерлердің ерлігі мен өмір өрнегінен сыр шертеді. Ал «Диалогтер дүбірі», «Отбасылық өрнек» деп аталған келесі кітаптардың да оқырманға берері мол.
Жылы жүздесуде кеш қонағы көрермендер сұрағына жауап беріп, тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, Егемендік декларациясы қабылданған тұстағы тарихи оқиғалар туралы баяндап, ұлт мұраты, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды.
Бүгінде кең қолданысқа енген «Доғарыс» (отставка), «Пікіртерім» (опрос), «Оқтұмсық» (боеголовка), «Тосынсый» (сюрприз), «Нөпір шақ» (час пик), «Айлабұйым» (приспособление), «Заңастар құжаттар» (подзаконные акты) т.б. ондаған сөздер мен тіркестердің авторы Марат Байділдәұлы ұлттық баспасөз бен телевизияда жетекші қызметтер атқарып, ұлт руханияты мен мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Әсерлі кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокалдық өнер кафедрасының про-фессоры Сәуле Нұрғалиева, «Кемел» шағын ауданындағы «Белсенді өмір сүру» орталығының мүшелерінен құралған «Беу, айдай» әжелер ансамблі өнер көрсетті. Жиналғандар Марат Байділдәұлының шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттер көрмесін тамашалады.
АЛМАТЫ