Жөндеу барысында жол бойындағы ауылдарда жарықтандыру шамдары орнатылып, бағыттаушы белгілер жаңартылды. Сондай-ақ көліктердің шамадан тыс жүк тасымалдауының алдын алу үшін жолдың 50 және 7-шақырымдарында автоматтандырылған салмақ өлшеу жүйелері орнатылды.
«Қазавтожол» Жетісу облыстық филиалының өкілі Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына арналған бөлек технологиялық жол салынған. Бұл жүйе жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қойбын шатқалындағы Көмбе өзені үстінен жаңа көлік көпірі салынып, Сарыөзек, Қоңырөлең және Ақжазық ауылдарының маңына электр жарығы мен жаяу жүргіншілер жолдары жүргізілді.
Жергілікті тұрғындар жолдың сапасына жоғары баға беріп отыр.
– Бұрын көліктер жиі бұзылатын, қазір жол тегіс әрі қауіпсіз. Кешкі уақытта да жарық жақсы, жаяу жүру ыңғайлы, – дейді Қоңырөлең ауылының тұрғыны Бақыт Таштахметова.
Айта кетсек, соңғы үш жылда Жетісу облысының Кербұлақ және Панфилов аудандарында республикалық маңызы бар 241 шақырым жол жөнделген.