Аймақтар • Бүгін, 07:45

Детектив байқауының жеңімпаздары

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көрнекті майдангер жазушы Кемел Тоқаев атындағы дәстүрлі детектив шығармалар байқауы 2018 жылдан бері тұрақты өтіп келеді. «Заң медиа» корпорациясы қолға алған байқаудың қорытынды іс-шарасы соңғы жылдары еліміздің әр қаласында ұйымдастырылып жүргенін көпшілік біледі. Биыл әдеби байқаудың үздіктері Тараз төрінде анықталды.

Детектив байқауының жеңімпаздары

Суретті түсірген – Юрий КИМ

«Заң медиа» корпорациясының директоры, белгілі журналист Досымбек Өтеғалидің айтуынша, осы жылғы байқауға үш ай бедерінде еліміздің әр қиырынан 72 автордан шығармалар ке­ліп түскен. Олардың арасынан ірікте­ліп алынған туындылар қазылар алқасы­ның қарауына ұсынылған. Жалпы, дәстүрлі байқауға қатысушылар саны жыл ­өткен сайын арта түскен.

«Байқаудың негізгі мақсаты – сала­лық көркем әдебиетті дамыту, ұлттық детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаев мұрасын ұрпақ жадында жаңғырту. Кейінгі жылдары осы жанрда қалам сілтейтін жазушылар қатары арта түскенін байқап, қуанып отырмыз.

Жамбыл өңірі осы жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын қолға алғаны мәлім. Сол тұрғыдан алғанда біздің байқауымыз бен Жамбыл жерін­дегі жоба арасында үйлесім бар деп па­йымдаймыз. Әдеби байқауға барын­ша қолдау білдірген өңір басшысы Ербол Қарашөкеевке, облыстық сот пен өзге де құқық қорғау органдарының азаматтарына айтар алғысым шексіз», дейді Д.Өтеғали.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Кемел Тоқаевтың ұлт әдебиетіндегі орны мен тағылымға толы туындылары қай кезде де жастардың, жалпы оқырман қауымның назарынан тыс қалмайтынын тілге тиек етті.

Сенатор Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист Серік Әбікенұлы бастаған қазылар алқасы байқауға түскен шығар­маларды жан-жақты зерделеп, жазу­шылардың шытырман оқиғаларды шебер­лікпен жеткізе білуіне айрықша ден қойыпты. С.Әбікенұлының айтуынша, қатысушы қаламгерлер бұрнағы жылдарға қарағанда кәсіби тұрғыда өскен көрінеді. Оны шығармалардағы сюжеттің көркемдік деңгейінен байқауға болады.

Байқау қорытындысында «Мылқау түн» туындысы үшін алматылық Гүлден Жылкелдиева бас жүлдеге (1,5 млн теңге) лайық деп танылса, Бірін­ші орын (1 млн теңге) «Қиыс жол» шығармасы үшін жамбылдық Айзада Кен­жемолдаеваға бұйырды. Екі екінші орын Алдажар Әбілов пен Болай Бер­диеваға (әрқайсысына 750 мың теңге), үш үшінші орынды (әрқайсысына 500 мың теңге) Мирас Мұқаш, Шернияз Жалғасбекұлы және Бақыт Жәлиева иеленді. Сондай-ақ бірнеше қаламгерге 300 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйақысы және облыстық соттың арнайы сыйлығы табысталды.

 

ТАРАЗ