 
                                        Көп күттірген кешен енді еліміздің ғана емес, Орталық Азия елдерінен келген эндоскопист-дәрігерлердің де кәсіби білім-білігін шыңдап, эндоскопиялық диагностиканы жаңа деңгейге көтеретін заманауи білім беру хабына айналады.
Эндоскопиялық орталық Evis X1 эндоскопиялық жүйелері мен жоғары технологиялы симуляторлар сияқты ең соңғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндай озық оқу үдерісі дәрігерлердің халықаралық стандарттарға сай кәсіби біліктілігін көтеруге септеседі. Әрі бұл жүйе эндоскопияны жасанды интеллектімен бірге жаңа деңгейге көтеріп, дәрігерге тіпті өте кішкентай, көзге көрінуі, жетуі қиын ісіктерді анықтауға көмектеседі.
– Орталықтың ашылуына әлемдік медициналық жабдықтар өндірісінің көшбасшысы – Olympus компаниясымен стратегиялық әріптестігіміз ықпал етті. Серіктестерімізге көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді КІАҒЗИ басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
Р.Төлеутаев жаңа орталықтың өз дәрігерлерімізбен қоса, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстаннан келген мамандарды да машықтандыра отырып, озық технологияларды меңгеретін маңызды алаңға айналатынына сенім білдіре келе, оның диагностика мен медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жапониядағы Olympus Corporation өкілі Йохи Маэда: «Тренинг орталығын құруға Қазақстан, Жапония, Польша, Чехия командаларының атсалысқанына қуаныштымыз. Орталық мамандарды даярлау, білім алмасу, жоғары стандарттарды енгізу салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады», дейді.
Өз кезегінде Olympus OCG директоры Томаш Ставярски: «Мақсатымыз – адамдарды ажалдан арашалау. Біз дәрігерлерді жабдықты дұрыс әрі тиімді пайдалануға үйретеміз, себебі науқастардың өмірі мен денсаулығы осыған тәуелді. Осы маңызды жобаның бір бөлігі болғанымызды мақтан тұтамыз», деді.
Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жәмила Қайбуллаева эндоскопиялық орталықтың дәрігерлерімізді сапалы колоноскопия әдістеріне үйретіп қана қоймай, ADR көрсеткішін есептеу жүйесі енгізілетінін де жеткізді. Бұл көрсеткіш – тік ішек пен тоқ ішек қатерлі ісігімен күрестегі тағдыршешті фактор. Оны қолдану мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Хабижанова да Орталық Азияда эндоскопиялық қызметтің дамуына аталған орталық айтарлықтай үлес қосатынына сенімді.
Оқу орталығының бағдарламаларына теориялық курстармен қатар, симуляторлар мен нақты өмірлік, клиникалық жағдайда өткізілетін кең көлемді практикалық сабақтар да кіреді. Олар оқу үдерісінің тиімділігін барынша арттыруға жол ашады. Бұл маңызды оқиға елімізде медициналық білім беру мен технологияларды дамытудың жаңа кезеңі басталғанын білдіреді.
АЛМАТЫ
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                