Аймақтар • Бүгін, 08:45

Үш жылда – 65 жаңа медицина нысаны

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде ауылдық жерлерде де денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Абай өңірінде 2023–2025 жылдары 65 жаңа алғашқы медициналық-санитар­лық көмек нысаны салынып, пайдалануға беріледі.

Үш жылда – 65 жаңа медицина нысаны

Денсаулық сақтау бас­­қармасының бас­шысы Талғат Мол­дабековтің мәлімдеуінше, бүгінде 62 ны­санның құрылысы аяқталып, тапсыру, қабылдау рәсімдері жүргізіліп жатыр.

– Былтыр Үкімет резервінен 12,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Биыл қалған үш нысан – Үржар, Ақсуат аудандарындағы Қожагелді, Аққала ауылдарын­да медициналық пункттер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар сегіз нысанда құрылыс, қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың қата­рында Аягөз ауданындағы жан сақтау бөлімшесі мен МРТ ғимараты, сондай-ақ Үржар ауданындағы емдеу орталығы бар. Бүгінде 57 нысан санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып, 51 мекеме лицензияланған, – деді Т.Молдабеков.

Басқарма басшысының айтуынша, Жаңасемей ауданында 14 жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жол­­данған. Жобалар ауыл тұрғын­­дарына көрсетілетін меди­циналық көмектің қолжетім­ділігін арттырып, сапасын жақ­сартуға бағытталған. Сондай-ақ кейінгі екі жылда өңірдегі 25 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Бәрі де бүгінгі заман талаптарына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

 

Абай облысы