 
                                        Фото:
Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 1 қыркүйектегі дерегі бойынша, елімізде АСБ диагнозы бар 14,5 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала тіркелген.
Бұл көрсеткіш 2024 жылдың соңғы айларымен салыстырғанда 17,8 пайызға көп. 2019 жылдан бері сараласақ мұндай балалар саны 5,1 есеге артқан.
Көңілге қаяу салатын деректерді барынша азайту үшін мемлекет аутизмге шалдыққан балаларды емдеу шаралары мен медицина-әлеуметтік оңалту мен инклюзивті білім беруді дамытуға ден қойып отыр.
Қазір елімізде АСБ бар балалармен жұмыс бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы және ең күрделі кезең – диагностика. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бұл диагнозды қоюдың ең ерте жасы – 1,5 жыл. Дегенмен, аутизм спектрінің бұзылыстары әртүрлі формада байқалуы және даму ерекшеліктерінің басқа түрлеріне ұқсас болуы мүмкін болғандықтан, нақты диагноз көбіне әлдеқайда кейін қойылады. Сондықтан мамандар баласының мінез-құлқында қандай да бір ерекшелік байқаған ата-аналарға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) мамандарына міндетті түрде жүгінуге кеңес береді. Диагноз неғұрлым ерте қойылса, баланың түзету мен бейімделу мүмкіндігі соғұрлым жоғары бағаланады.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығының деректері бойынша, елде 110 ПМПК кабинеті жұмыс істейді. Астанада – 10, Алматыда – 9 ПМПК кабинеті бар. Сонымен қатар, республикада аутизмі бар балаларды қолдауға арналған 11 арнайы орталық жұмыс істейді. Десе де бұл толық статистика емес. Мемлекеттік мекемелерден бөлек, АСБ бар балаларға түрлі қайырымдылық және жеке ұйымдар да жұмыс істеп тұр. Солардың ең танымалы – Болат Өтемұратов қорының «Асыл Мирас» орталықтар желісі. Он жыл бұрын қор мамандары АҚШ-тағы осындай орталықтардың тәжірибесіне сүйеніп, «Аутизм. Барлығына ортақ әлем» атты арнайы бағдарламаны әзірлеген. Бұдан бөлек, АСБ бар балалар мен жастарға «Луч света» қоғамдық қоры, «Дети индиго» қоғамы және басқа да ұйымдар қолдау көрсетеді.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                