Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажеттігін атап көрсеткенін баса айтты. Басты міндет – мемлекет тек бизнесті сүйемелдеп қана қоймай, жаңа жобаларды құруға, іске қосуға белсенді қатысатын үлгіге көшу арқылы белсенді инвестициялық саясатты жүзеге асыру.
Үкімет ұлттық экономиканы трансформациялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Биылғы 9 айда еліміздегі ІЖӨ көлемі 6,3%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,5%-ға артып, шамамен 13,8 трлн теңгеге жетті. Жалпы, Қазақстанның инвестициялық деңгейін әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері растады. Атап айтқанда, «Moody’s» еліміздің ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деген болжаммен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік көрсеткішке дейін көтерді.
Стратегиялық маңызы бар Транскаспий халықаралық көлік бағыты инвестиция үшін келешегі зор аймақ ретінде айқындалды. ТХКБ бойынша ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба, соның ішінде шетелдік капитал мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысының ауқымды цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Озық шешімдерді енгізуге және стартаптарды одан әрі жеделдетуге бағытталған «Alem.ai» халықаралық ЖИ орталығының ашылуы цифрлық кластерді нығайтуға ықпал етеді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығында бизнесті жүргізу үшін бірегей жағдай ұсынылады. АХҚО базасында ағылшын құқығы юрисдикциясы заңды рәсімдердің ашықтығына кепілдік береді. Сондай-ақ Орталық «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту үшін сенімді серіктес ретінде қызмет етеді.
Сонымен қатар Олжас Бектенов дөңгелек үстелге қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді. Онда агроөнеркәсіп кешені, энергетика, коммуналдық секторлар және басқа да салалардағы ағымдағы және перспективалық жобалар аясында инвестициялық ынтымақтастық бағыттары қаралды.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Маттео Патронемен банктің Қазақстан аумағында инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту бағыттарына назар аударылды.
Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша «PepsiCo» компаниясының президенті Дэвид Манзинимен кездесу барысында Алматы облысында құрылысы ақталуға жақын тұрған зауыт жөніндегі жобаның іске асырылу барысы қаралды. Өңір әкімдіктеріне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаны қажетті инфрақұрылымдық шешімдермен қамтамасыз етуге одан әрі жәрдемдесу тапсырылды.
«Fufeng Group» директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунмен Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк жобасын жүзеге асыруға көңіл бөлінді. Өндіріс отандық шикізатқа негізделетін болады. Инвестор алдағы өндірісті іске қосу үшін «жылдам дәліз» тетігі шеңберінде қолайлы бизнес-ортаны және жасалған жағдайларды оң бағалады.
Кездесулердің қорытындысы бойынша Олжас Бектенов ел Үкіметі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп және бизнес-жобаларды толық сүйемелдеуге баса назар аудара отырып, қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруды жалғастыратынын атап өтті. Жаңа өндірістерді іске қосу елдің өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін нығайту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу үшін стратегиялық маңызға ие.