Келесі жылы Жасыбай көлінің жағалауында ауқымды абаттандыру жұмыстары басталады. Санитарлық-гигиеналық тораптар, жуыну кабиналары мен киім ауыстыратын бөлмелер, сауда павильондары, арқалы отырғыштар мен шатырлары бар демалыс аймақтары, сондай-ақ балалар және спорт алаңдары орнатылады. Бұл нысандардың барлығы 3,7 га аумақта орналасады. Бұл экологиялық туризм талаптарына сай заманауи әрі жайлы демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал Сабындыкөл көлінің жағажайындағы жұмыстар мен бақылау алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңартылған жағажайда арқалы отырғыштар, шатырлар, пирстер (соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да бейімделген), санитарлық-гигиеналық нысандар орнатылған. Сондай-ақ демалыс аймақтары, әткеншектер, ойын және спорт алаңдары, 80 көлікке арналған тұрақ орындары қарастырылған.
- Бақылау алаңы Сабындыкөл көлі мен оны қоршап тұрған таулардың кереметтей көрінісі ашылатын биіктікте орналасқан. Мұнда шағын сәулеттік нысандар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылды, жарықтандыру жүйесі мен туристерге арналған фото-аймақ жасалды. Ал Баянауыл ауылына кіреберіс жолда салынып жатқан визит-орталықтың жалпы ауданы 740 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жоспарлы түрде жүріп жатыр, жұмыстарды биылғы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Визит-орталықтың ішкі кеңістігі көпфункционалды болмақ: кітапхана аймағын дәріс пен семинар өткізу залына айналдыруға болады, ана мен бала бөлмелері, жайлы кофехана, өлкетану мұражайы және демалыс орындары қарастырылған. Нысанның қолжетімділігіне баса назар аударылды - орталық мүмкіндігі шектеулі туристердің қажеттіліктеріне толық бейімделген, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Визит-орталықтың тағы бір бағыты — оның цифрлық мазмұны. Мұнда Баянауыл ауданының картасы бар сенсорлы интерактивті тач-панель, мультимедиялық тақталар және 3D-проекциялар орнатылады. Келушілер аймақтың табиғи ескерткіштерімен, киелі орындарымен, археологиялық нысандарымен және көрнекті тұлғаларымен интерактивті түрде таныса алады.
Павлодар облысы