Спорт • Бүгін, 08:02

Қоржында – қос қола

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайдың Уси қаласында ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Додада 150 мемлекеттен келген 900-ден аса даян шеберлері күш сынасып, 16 жүлде жиын­тығын сарапқа салды.

Қоржында – қос қола

Еліміздің намысын қорғаған 16 таэквондошының арасынан екеуінің ғана бағы жанды. 46 кг салмақта сынға түскен Айдана Құмартаева мен 49 кг салмақта өнер көрсеткен Нодира Ахмедова қола медаль­ды мойындарында жарқы­ратты. Осы нәтиженің арқа­сында жерлестеріміз Ұлы­бри­тания, Иордания, АҚШ құрамаларымен бірге 16–19 орындарды өзара бөлісті. Жалпы командалық есепте 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен Түркия топ жарды. Екінші, үшінші орындарда – Оңтүстік Корея (2+2+2) мен Бразилия (2+2+0).

Еліміздің таэквондошылары әлем чемпионатына тәуелсіздік алған кезден бері үздіксіз қатысып келе жатыр. 1999 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында ұйымдастырылған жарыста Әділхан Сағындықов (84 кг) қола медаль иеленді. 2003 жылы Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласында Лия Нұркина (67 кг) өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантып, қола жүлде еншіледі. 2007 жылы Бейжіңде жерлестеріміз елеулі табысқа қол жеткізді. Қытай астанасына аттанған спортшыларымыздың үшеуі елге қола медальмен оралды. Олар – Аслан Батықұлов (54 кг), Арман Шылманов (84 кг), Нәзгүл Тәжіқұлова (51 кг).

2009 жылы Копенгагенде 84 кг-дан +87 кг салмаққа ауысқан Олимпия ойындарының жүлдегері Арман Шылманов қатарынан екінші рет қола медаль еншіледі. Одан кейін біраз уақыт бойы отандық таэквондомыз тоқырау кезеңін басынан өткерді. Тек 2017 жылы Муджу (Оңтүстік Корея) мен 2019 жылы  Манчестерде (Ұлыбритания) Қайрат Сарымсақов (74 кг) қола медальды қанжығасына байлады. Одан кейін 2022 жылы Гвадалахара (Мексика) мен 2023 жылы Бакуде (Әзербайжан) ұйымдастырылған байрақты бәсекелерде бағымыз жанбады.