Спорт • Бүгін, 08:12

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің танымал теннисшісі Александр Бублик Париждегі «Мастерс» турнирінің жартылай финалында сүрінді. Бастапқы бәсекелерде Алексей Попырин (Аустралия), Ко­ран­тен Муте (Фран­ция), Тейлор Фриц (АҚШ), Алекс Де Минордан (Аустралия) басым түскен жерлесіміз жартылай финалда Феликс Оже-Альяссимге (Канада) 6:7, 4:6 есебімен есе жіберді.

Жарыс күнделігі
  • 2029 жылы жасөспірімдер арасындағы IV жазғы Азия ойындарының алауы Ташкентте тұтанатын болды. Бұл шешім күні кеше ғана Бахрейнде өткен Азия Олимпиадалық кеңесінің отырысында қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі жарыстар 2009 жылы Сингапурде, 2013 жылы Нанжинде, биыл Манамада ұйымдастырылды.
  • 7–21 қараша аралығында Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта алауы тұтанатын Ислам ынтымақтастығы ойындарында еліміздің ауыр атлеттері қандай құрамада күш сынасатыны белгілі болды. Парсы шығанағына аттанатындар тізімінде Едіге Емберді (79 кг), Нұрғиса Әділетұлы (94 кг), Артём Антропов (110 кг), Дарья Балабаюк (63 кг), Арай Нұрлыбекова (69 кг), Аянат Жұмағали (77 кг), Аружан Дәулетова (86 кг), Любовь Ковальчук (+ 86 кг) сынды зілтемішілер бар.
  • Биыл бокс­тан World Boxing ұйымының мұрын­дық болуымен өте­тін Әлем кубогіне қатысатын 18 команда анықталды. Олар – Қазақстан, Өзбекстан, Аустралия, Жапония, Аустрия, Тайпей, Қырғызстан, Англия, Нигерия, Финляндия, Польша, Германия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Испания, Иран, Украина, Италия. Солардың арасынан озып шыққандары 15–23 қаңтар аралығында Нью-Делиде ұйымдастырылатын финалдық сайыста күш сынасады.
  • Халықаралық коньки­шілер одағы (ISU) әйелдер арасындағы мәнерлеп сырға­нау­шылардың рейтингін жариялады. Үздіктер тізімін­де жерлесіміз София Само­делкина 1 438 ұпайпен 37-сатыға жайғасты. Көш басында Жапонияның қос жұлдызы – Каори Сакамото (4 786 ұпай) мен Моне Чиба (4 110 ұпай). Үздік үштікті америкалық Изабо Левита (4 007 ұпай) түйіндеді.
  • Эр-Риядта шымылдығы түрілген WTA қорытынды турнирін еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина жеңіспен бас­тады. Тұсаукесер кездесуінде әлемнің төртінші ракеткасы, биыл Уимблдон мен US Open додаларының финалисі, америкалық Аманда Анисимованы 6:3, 6:1 есебімен ұтты. Кездесу небәрі 58 минутқа созылды. Екінші турда Елена WTA рейтингінде екінші орында тұрған польшалық Ига Швентекпен шеберлік байқасады.
  • УЕФА-ның ресми сайтында 2028, 2029 жылдары өтетін Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы, Конференция лигасының шешуші ойындарын қабылдауға ниет білдірген 15 мемлекеттің тізімі жарияланды. Солардың қатарында біздің ел де бар. Бұл кездесулерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға Астана мен Алматы қалалары айрықша құлшыныс танытып отыр.
  • Еліміздің Премьер-лигасында жанкүйерлердің ең көп қолдауына ие болған командалардың тізімі жарияланды. Бұл рейтингте «Қайрат» көш бастап тұр. Өз алаңында, сыртта өткен матч­тарда алматылық клубты барлығы 241 194 көрермен (әр матчта орта есеппен 9 277 адам) қолдаған екен. Екінші, үшінші орындарда – «Ақтөбе» (224 651, орта есеппен – 8 640) мен «Астана» (224 651, орта есеппен – 8 640). Ең аз жанкүйерлер Түрікстанда (63 087, орта есеппен – 2 426) тіркелді.