Оқиға • Бүгін, 17:40

«AMANAT» партиясы азаматтарға кешенді қолдау жүйесін іске қосты

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясы әлеуметтік, экономикалық және білім беру саласындағы азаматтық мәселелерді кешенді шешуге бағытталған жаңа сервистік платформаны іске қосты. Жүйе халыққа қаржылық қиындықтан шығуға, кәсіп бастауға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«AMANAT» партиясы азаматтарға кешенді қолдау жүйесін іске қосты

Суретті түсірген – Әли Ғалым

Мәжіліс Спикері  Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиында «Қарызсыз қоғам», «Әкімдер мектебі» және «Ауыл аманаты» партиялық жобаларының нәтижелері мен мүмкіндіктері талқыланды. Қазіргі таңда жүздеген мың адам партияның бірегей платформасы арқылы қолдау алып отыр.

2

Мемлекет басшысы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының басты мақсаты – тек қарызды азайту емес, азаматтардың тұрақты табысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін айтты. Осыған байланысты партия азаматтарға қаржылық қиындықтан шығуға көмектесіп қана қоймай, оларды жұмыспен қамтып, жеке ісін бастауына жағдай жасайды.

«Ең бастысы – адамдардың тек қазіргі мәселесін шешу емес, әрбір азамат нақты қолдау көріп, аяққа тұра алатын жүйе қалыптастыру. «AMANAT» партиясының сервистік моделі өз тиімділігін дәлелдеп, Президенттің Әділетті Қазақстанды құру бағытын жүзеге асыруда нақты құралға айналды. Мемлекет басшысының барлық реформасы халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің дамуына бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, партиялық жобалар әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күнге сеніммен қарай алуына жағдай жасау үшін жұмыс істейді», деді партия Төрағасы.

3

Ерлан Қошанов партиялық жобалар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуге тиіс екенін атап өтті. Яғни заңгерлік көмек, оқыту курсы мен жұмыс орындарын құру қадамдары өзара байланысып, бір-бірін толықтырып тұруы қажет. Оның айтуынша, дәл осындай кешенді тәсіл қаржылық қиындықтардың салдарын жоюға ғана емес, сонымен бірге азаматтардың аяққа тұрып, өз бетінше лайықты өмір сүре алатын уақытқа дейін адамдарға сүйеніш болуға мүмкіндік береді.

4

Жобалық кеңсенің басшылары жұмыс нәтижесін ұсынып, партияның сервистік моделінің аясын кеңейту бойынша алдағы жоспарды айқындады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың дерегі бойынша, биылдан бастап 770 мыңнан астам адамға қарыздарын қайта құрылымдау, шектеулерді алып тастау немесе банкроттық мәселелерінде нақты көмек көрсетілді. Сондай-ақ, азаматтар қаржылық сауаттылық курстарына қатыса алады. Жүйенің мақсаты – тек бір реттік көмек емес, төлем қабілеті қалпына келгенше азаматтарды сүйемелдеу.

Бүгінде жалпы құны 600 млрд теңгені құрайтын 12,7 мың инвестициялық жоба іріктелді. Осы қадам 490 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтуға және 111 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл – алдағы үш жылға арналған нақты жоспар. Сарапшылардың есебіне сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы бөлінген бюджет қаржысының әр теңгесі 1,24 теңге жиынтық экономикалық табыс әкелуі мүмкін. Бұл қаражат өндірістің, салықтың және ауыл тұрғындары табысының өсімі түрінде қайтады.

Өз кезегінде, Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Нұрлан Сақуов партияның үйлестіру кеңесінің жұмысына тоқталды. Бүгінде аталған кеңес микро және шағын бизнеспен өзара байланыстың жаңа арнасына айналды. Кеңес кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін жинауға, жүйелеуге және оны шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформа құру жоспарлануда. Сол арқылы кәсіпкерлер өз өтінішін жолдап, тиісті кеңес алып, олардың шешімін қадағалай алады. Осы деректер негізінде іскерлік ахуал индексі қалыптастырылады. Бұл қадам проблемаларды жедел анықтауға және оны шешу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

5

Сондай-ақ партия Төрағасы «Қарызсыз қоғам» жобасының call-орталығының жұмысымен танысты. Мұнда күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінде несие мәселесіне, сот дауына немесе қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтар 4 мыңға жуық қоңырау шалады. Call-орталықта 50-ге жуық маман жұмыс істейді. Олардың қатарында заңгерлер, медиаторлар және қаржы кеңесшілері бар. Олар адамдарға қарыздан құтылуға, құжаттарды дайындауға және мәселенің заңды шешімін табуға көмектеседі. Өңірлерде 180 үйлестірушіден тұратын желі азаматтарға жергілікті деңгейде құқықтық көмек көрсетеді.

6

«Қарызсыз қоғам» жобасына «AMANAT» партиясының үйлестіруімен 11 мемлекеттік орган мен 12 коммерциялық банк қатысады. Азаматтар qogamfin.kz платформасы арқылы заңгер кеңесіне жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды ала алады.