Талбесік • Бүгін, 08:13

Орман тұқымбағы ашылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылды бабаларымыз экожүйенің тепе-теңдігін терең түсінгендіктен айтса керек. Сол тұрғыда «Семей орманының» мемлекеттік табиғи резерватының жөні бөлек. Табиғат байлығын от пен отаудан қорғау өз алдына, оның генетикалық тұқым қорын сақтау да маңызды мәселе.

Орман тұқымбағы ашылды

Былтырдан бері Эколо­гия және табиғи ресурс­тар министрлігінің ­Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитеті Дүние­жүзілік қормен бірлесіп еліміз­дегі ­ландшафттарды тұрақты қал­пы­на келтіруді қолға алды. Қазір әлем­де өсімдіктердің биоалуан­түрлі­лігін сақтауға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының, табиғи флораның, жеміс-жидек, тағы да басқа өсімдіктердің мыңнан аса тұқым қоры бар. Еліміз кейінгі онжылдықта ормандардың азаюы, орманның табиғи алуан түр­лілігінің жойылу проблемасымен бетпе-бет келіп отыр. Дегенмен елімізде орманды қалпына келтіру, экожүйені сақтауда маңызды ағаш, тал түрлері тұқымдарының ресурстары мол екенін айтады мамандар.

«Бүкілқазақстандық ағаш отыр­ғызу күні» экологиялық акциясы аясында Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орман тұқымбағы ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли, «Семей орманы» реверватының қызметкерлері, сала мамандары мен белсенді жастар қатысты.

Тұқымбақтың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Құрылысы 2026 жылғы желтоқсанда аяқ­талады деп жоспарланып отыр. Тұқымбақта қылқан жапы­рақты және жапырақты ағаш­тардың егістік алаңы, жабық тамыр жүйесіне арналған контейнерлік жылыжайлар, шеберханалар, қоймалар, кеңселер салынатын болады. Сондай-ақ 3 га аумақта инженерлік желілер мен қосалқы алаңдар орналасып, 5 га жер плантациялар мен тұқым­баққа арналады.

Ресми деректерге сүйенсек, биыл облыста 65 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. «Семей орманы» резерваты аума­ғындағы өрттердің салдарын жою мақсатында жыл сайын 20 миллионнан астам қарағай егіледі. Бұл іс-шаралар орман қорын қалпына келтіруге, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталып отыр. Жаңа орман тұқымбағы облысты көгалдандыруға, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арт­тыруға ықпалын тигізуге тиіс. Сондай-ақ Семей қаласының сол жағалауында жасыл белдеу құру көзделген.

Аймақ басшысы жоба өңір­дің экологиялық жағдайын жақ­сартуға, орман қорын қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама екенін айтты.

– Бүгін біз «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», орман тұқымбағының салтанатты ашылуы сынды ерекше маңызды екі іс-шараны атап өтуге арнайы жиналып отырмыз. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшет отырғызу, еліміздің орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қолға алынып, атқарылып жатқан игі істердің жалғасы. Тұқымбақ қолайлы жерде орналасқан. Жанынан Ертіс өзені ағып өтіп жатыр. Ағаш көшеттерін көбейтіп, жасыл аймақ­қа айналдыруға таптырмас орын. Табиғатты қорғау жолында тынымсыз тер төгіп жүрген сала мамандарын, орман шаруашылығы қызметлерінің қажыр-қайратын ерекше атап өту ләзім. Солар­дың есепсіз еңбегінің арқа­сында жасыл байлығымыз – орманымыз сақталып, ұлғайып келеді. Ұлтымыздың экологиялық мәдениеті талай ғасырлардың сынынан өтіп, ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігіне айналған. Хал­қымызда «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, жүз жылдығын ойла­ған ел ағаш егеді» деген дана­лық бар. Өңір экологиясын жақ­сартып, туған жерімізді көзі­міздің қарашығындай қорғау – бар­шамыздың ортақ борышы­мыз. Табиғатты аялау ұлт бола­шағына қызмет ету екенін естен шы­ғармауымыз керек, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында орман сала­сының мамандары да тұқымбақтың Семей қаласы үшін маңызы зор екенін айтты.

Аймақ басшысы ашылу салтанатынан кейін орманшылармен, жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты. Іс-шара барысында тұқымбаққа 10 мыңға жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың көшеті егілді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Семей қаласында алғаш рет 75 мың ағашты толық түгендеуді қамтитын дендро­логия­лық жоспар әзірленді.

 

Абай облысы