фото: REUTERS/Eloisa Lopez
«Калмаеги» тайфуны биылғы жылы аймақта тіркелген ең жойқын дауылдардың бірі болды.
Апаттан зардап шеккен аймақтарды зерттеу кезінде әскери тікұшақ апатқа ұшырап, алты адам қаза тапты. Қалған адамдар су тасқыны, құлаған ағаштар мен ғимарат қирандыларының астында қалған. 430 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Стихия елдің үш ірі арал тобы – Лусон, Висаяс және Минданао аймақтарындағы 24 провинцияны қамтыды. Көптеген өңірде жарық өшіп, ондаған әуе рейсі тоқтатылған.
5 қарашада соққан тайфун қатты желмен, нөсер жаңбырмен және бірнеше метрлік толқындармен бірге келген. Филиппиннің метеорологиялық қызметінің (Pagasa) хабарлауынша, дауылдың күші азайғанымен, желдің екпіні әлі де сағатына 180 км-ге дейін жетіп отыр.
Көптеген елді мекендерде көшелер су астында қалған, көліктерді су ағызып әкеткен немесе аударып тастаған. Тұрғындар аман қалу үшін үйлердің шатырларына көтерілген.
Метеорологтардың дерегінше, «Калмаеги» (Филиппинде оны «Тино» деп атайды) жеті рет құрлыққа соққан, соңғы рет – таңғы уақытта Палаван провинциясындағы Эль-Нидо қаласында. Болжам бойынша, тайфун сәрсенбі немесе бейсенбі күні ел аумағынан шығып, Вьетнам бағытына қарай бет алады. Тайландтың солтүстік аймақтарында демалыс күндері қатты жаңбыр күтіледі.
Метеорологтар дерегінше, Филиппинге жаңа тропикалық циклон жақындап келеді. Ол жұма немесе сенбі күні құрлыққа жетіп, демалыс күндері супертайфунға – желдің жылдамдығы сағатына 240 км-ден асатын аса қуатты дауылға айналуы мүмкін.
Филиппин жыл сайын шамамен 20 тайфунның әсеріне ұшырайды. Ең жойқындарының бірі – 2013 жылғы қарашада 6300-ден астам адамның өмірін қиған «Хайян» тайфуны болған.