Спорт • Бүгін, 08:33

Лас-Вегаста қазылық еткен қазақ

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жекпе-жек өнерінің жанкүйерлеріне джиу-джитсудың хас шебері Дамир Садыровтың есімі жақсы таныс. Атпал азамат байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғаумен қатар, бапкер ретінде мықты шәкірттер тәрбиеледі. Сондай-ақ аса ірі халықаралық жарыстарда қазылық етіп жүр.

Лас-Вегаста қазылық еткен қазақ

Мектепте жүріп дзюдомен шұғылданған Дамир 20 жасқа толған шағында джиу-джитсуға аңсары ауып, оған мықтап ден қойды. Уақыт оза жекпе-жектің дәл осы түрінде жас жігіттің жұл­дызы жарқырай жанды. Бі­лікті бапкер Рустам Балабаевтың қол астында жаттыққан ол AJP, ACBJJ лигаларында сайысқа түсіп, сан мәрте әлем чемпионы атанды. UWW, JJIF, ACBJJ ұйымдастырған дүниежүзілік додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. АҚШ-та өткен әйгілі IBJJF, NAGA турнир­лерінде топ жарды. Ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, ұзақ уақыт бойы өз салмағының көшбасшысы болды. Осындай орасан зор табысының арқасында сақа спортшы қара белбеу иегері атанды.

Кәсіби спорттан бөлек, Д.Садыров төрешілік кәсіпті бірге алып жүр. Түрлі сынақтан мүдірмей өтіп, JJIF, JJAU, AIGA, IBJJF, AJP, ADCC сертификаттарын иеленді. Қазақ төрешісі Моңғолия, Түркия, БАӘ, Бразилия мен елімізде өткен әлем чемпионаттарында қазылық етті. Терең білімі, кәсіби біліктілігі, қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түскен Дамир күні кеше ғана АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған IBJJF World Masters турнирінде қазылық ету құрметіне ие болды. Ондай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейтінін джиу-джитсудың жанкүйерлері жақсы біледі. Сөйтіп, Дамир Садыров есімі джиу-джитсу әлеміндегі беделі зор, мәртебесі биік аса жауапты жарыста төрелік еткен еліміздің тұңғыш өкілі ретінде спорттық шежіреге жазылды.

Дамир бапкер ретінде де мықтылығын мойындатты. Дү­ниежүзілік деңгейдегі додаларда дараланған бірнеше жекпе-жек шеберлерін даярлады. Солардың арасынан Ринат Горбачёв, Мариям Ордабаева сынды спортшыларды бөле-жара атап өтуге болады. Олардың екеуі де әлем чемпионаттарының жүлдегерлері.

Д.Садыровтың тағы бір қасиеті – джиу-джитсу философиясын жетік меңгерген. Өзі ойлап-тапқан әдіс-тәсілдері де бар. Алғашында білікті бапкер оны төл шәкірттеріне үйретті. Олар оны түрлі жа­рыс­та кеңінен қолданып, жақсы нәтиже шығарды. Қазір Дамирдің бұл әдістерін басқа да мемлекеттердің шеберлері тиімді пайдаланып,  кәделеріне жаратып жүр.