- Эр-Риядта өтіп жатқан WTA-ның қорытынды турнирінде Елена Рыбакина табысты өнер көрсетіп жатыр. Тұсаукесер кездесуінде әлемнің төртінші ракеткасы, америкалық Аманда Анисимованың тас-талқанын шығарған ол екінші кезеңде үздіктер тізімінде екінші орындағы Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Бәсекенің бірінші сетінде польшалық теннисші басымдық танытқанымен, одан кейін Рыбакина қарқынын күрт күшейтіп, қарсыласын бас көтертпей ұтты – 3:6, 6:1, 6:0. Үшінші турда Мэдисон Кизбен күш сынасуға тиіс еді. Алайда денсаулығының сыр беруіне байланысты АҚШ теннисшісі кортқа шығудан бас тартты. Оны ресейлік Екатерина Александрова алмастырды. Рыбакина қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен қапы қалдырды. Сөйтіп, өз тобында бірінші орын алған Рыбакина жартылай финалға жолдама алды.
- 6 желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Диего қаласында кәсіпқой бокстан орта салмақта бірнеше белді нұсқалардың чемпиондық атағы үшін Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен кубалық Эрисланди Лараның (31-3-3, 19 КО) жұдырықтасатыны белгілі. Күні кеше осы кездесуде басым түскен боксшының келесі жылы кіммен күш сынасатыны анықталды. Жекпе-жек жеңімпазы АҚШ боксшысы Остин Уильямспен (19-1, 13 КО) айқасады.
- Астанада ат спортының конур түрінен ел чемпионаты мәреге жетті. Биіктігі 145 сантиметрге дейінгі тосқауылда «Уран-Над Виграми» сәйгүлігімен Раиса Соколенко топ жарса, биіктігі 135 сантиметрлік сайыста «Таймазды» тізгіндеген Эстелла Бабаян бас жүлдені олжалады. Жарыстың абсолютті чемпионы атағына Олег Соколенко мен Эстелла Бабаян қол жеткізді.
- Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» қатарынан бес ойында жеңілістің кермек дәмін татты. Төртінші кездесуде астаналықтар Нижнекамскінің «Нефтехимигін» қабылдады. Бірінші кезеңде есеп ашылмады. Одан кейін қонақтар қарқынды арттырып, 5:2 есебімен жеңіске жетті. «Барыстың» сапында мергендік танытқандар – Кирилл Панюков пен Дінмұхамед Қайыржан. Ал бесінші кездесуде Астанада Уфаның «Салават Юлаев» клубынан жеңілді. Алғашқы екі голды қонақтар соқса, айдын иелерінің тек есепті қысқартуға ғана шамасы жетті – 1:2.