фото: gov.kz
Негізгі міндет – халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету және ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Арнаулы мемлекеттік қордан барлығы 27 жобаны жүзеге асыруға 17,7 млрд теңге бөлінген.
«Жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде 11 сумен қамту жобасы бар, олардың іске қосылуы ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуды кеңейтіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ 16 жоба ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға бағытталған. Олардың қатарында Сырым, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала және Бәйтерек аудандарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер құрылысы бар. Жаңа денсаулық сақтау нысандарының ашылуы ауыл тұрғындарын білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, аудандық ауруханалардағы жүктемені азайтады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында 15 жоба толық аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан пайдалануға беріледі, ал қалған екеуін 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.