Биыл ұлттық бәйгеге журналистерден 400-ден астам өтінім келіп түскен. Саланың сақа журналистері мен медиа менеджерлерден жасақталған тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен шорт-листке 44 номинанттың есімі енді.
Бүгін жүзден жүйрік шыққан 11 БАҚ өкілі мен ұжымға «ҮРКЕР» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табысталды.
Сұрақ-жауап қана емес елдік мәселелерді көтере отырып, сұхбат берушінің болмысын ашуға ұмтылатын сұхбат жанрының биылғы үздіктері де анықталды. Жылдың үздік сұхбаты аталымында ашылғанына 3 жыл болған Qaz365.kz ақпарат агенттігінің қызметкері Бауыржан Кариповтің есемі ерекше еленіп, жеңімпаз танылды.
Оқиғаның қалың ортасында жүріп, шынайы тіршілікті шебер жеткізетін репортаж жанрында Tengrinews.kz сайтының тілшісі Иван Сухоруковтің еңбегі бағаланып, Жылдың үздік репортажы аталымында үздік шықты.
Қоғамның түйіткілді тақырыптарын көтерген қалам ұстаған қауым арасынан Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал аталымында Vlast.kz сайтының тілшісі Тамара Ваальдың бағы жанды. Айта кетейік, осы аталымда «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мұрат Аяғанов есімі де үздік төрттік тізімінен табылды.

«Үркер» байқауының тәуелсіз қазылар алқасы Жылдың үздік журналистік зерттеуі аталымында «Атырау» газетінің тілшісі Майра Ерғалидің зерттеуін бәрінен жоғары бағалады.
Ақпаратты баяндап қана қоймай, жіктеп, саралайтын жанрда Жылдың үздік аналитикалық материалы аталымында «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Илья Пащенко ұлттық жүлдені қанжығалады.
Радиостанциядағы үздік жоба аталымында 60 жылға жуық уақыттан бері радио толқында үні талмаған Шалқар радиосы жеңімпаз болды.
Сан бейне ішінен сәтті таспаланған «Казахстанская правда» газеті фототілшісінің туындысы Жылдың үздік фотосуреті болды.
Жылдың үздік жаңалықтар порталы аталымында Zakon.kz, Adyrna ұлттық порталы Newtimes.kz, Inbusiness.kz, арасынан Adyrna ұлттық порталы үздік шықты.
Үздік өңірлік БАҚ аталымында Үркер ұлттық бәйгесі «Астана ақшамы» газетіне бұйырды. Бұл номинацияда Life09 ақпарат агенттігі, «Жаңақорған тынысы» газеті, Lada.kz агенттігі шорт-листтен табылды.
Айқап, Qstar Group, «Қазақстан тарихы», «Qalam» шығармашылық ұжымдары Жылдың үздік подкасты номинациясында таласқа түсіп, Qstar Group-қа тиесілі LS stories подкасты жеңімпаз атанды.
Медиа көкжиегінде жаңа тыныс болып ашылған ютуб-арналар да назардан тыс қалмады. Жылдың үздік YouTube-арнасы номинанты ретінде Эксперты KZ жобасының бағасы жанды.
Биылғы ұлттық бәйге арнайы 3 жүлде тағайындалуымен де айрықшаланды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарының төккен терін елеулі деңгейде насихаттаған zakon.kz ұжымы марапатталды. Сондай-ақ «Казахстанская правда» газеті мен Kazinform ақпараттық агенттігі де арнайы жүлдемен олжалы болды.
Талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтауды мақсат еткен байқаудың өтуіне Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры мұрындық болған. Ал іс-шараның демеушілері – «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС және «Sport+» телеарнасы.