Жұмыс • Бүгін, 08:07

21,5 мың жас жұмысқа орналасты

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде елдегі жастар саясатының басым бағыты – 35-ке дейінгі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі. Соған сәйкес мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар тұрақты жүзеге асырылып, бос орындар жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылады. Мәселен, жыл басынан бері Жастар практикасы көмегімен 21 мыңнан аса ­отандасымыз еңбекке араласты.

21,5 мың жас жұмысқа орналасты

Жұмысқа орналастырылған­дар­дың ең көбі – Түркістан облысында. Онда – 6 мың жас, Қызылордада – 2 300, Жамбыл облысында – ­1 700, Ақтөбеде – 1 500, Шымкентте 1 300 аза­мат «екі қолға – бір күрек» тапты. Айта кетер­лігі, еңбекке араласқандардың шамамен ­60%-ы – ауыл тұрғындары.

Жастар практикасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар – жалпы білім беретін ­ме­ктеп мұғалімдері мен мектепке дейінгі тәрбие­шілер, медицина қызметкерлері, бағдар­ламашы және заңгер.

– Биыл мен Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжін «Емдеу ісі» маман­дығы бойынша тәмамдадым. Оқуды аяқта­ған соң бірден мансап орталығына барып, жұмыс­сыз ретінде тіркелдім. Сол жерде маған жастар практикасы бағдарламасы тура­лы ақпарат берілді. Шамамен он күннен кейін мені Қаратөбе аудандық аурухана­сы­на тәжі­рибеден өтуге жіберді. Ал 3 қыркүйек­тен бастап сол мекемеге тұрақты жұмыс­қа қабыл­дандым, – дейді Орал қаласы­ның тұрғыны Эльмар Темір.

Бастаманың игілігін көрген тағы бір жас – Малика Мұсажоджаева. Ол Шымкент политехникалық колледжінде «тоқушы-оператор» мамандығын оқыған. Осы жылы дипломын алып, Жастар практикасының көмегімен кілем фабрикасына жұмысқа орналасқан.

– Фабрикада таңбалау операторы болып еңбек етемін. Әрине, кез келген жасты оқуын аяқтаған соң, «тәжірибесіз қайда жұмысқа орналасамын?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Салдарынан көпшілігі мүлдем басқа салаға кетеді. Менің жолым болып, бағдарлама арқылы тәжірибе жинақтап, еңбекке араласып жатырмын. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң, осында тұрақты жұмысқа қалып, кәсіби тұрғыдан өскім келеді. Оның үстіне ұжымда өзім секілді жас­тар көп, – дейді М.Мұсажоджаева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Анар Бижанованың айтуынша, жұмысқа қабылданған жастарға тәжірибе жинауға көмектесетін арнайы тәлімгерлер бекітіледі.

– Жастар практикасы мамандығы бо­йынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған. Оған оқуын аяқ­тағаннан кейін 5 жыл ішінде 35 жастан аспаған жұмыссыз ретінде тіркелгендер жіберіледі. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Қазір ай сайынғы еңбекақы – орта есеппен 118 мың теңге. Қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың шоттарына қаражатты аудару жолымен жұмыс беру­ші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіле­ді. Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет, – дейді министрлік өкілі.

Жастар практикасының ендігі жоспары – 12 мыңдай жастың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.