– Мұрат Әжінұрұлы, жыл сайын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында елді дамытуға серпін беретін жобаларды көрсетіп, тапсырма жүктейтіні белгілі. Осы тапсырмалардың орындалуы көңілден шыға ма?
– Жолдау тек ертеңгі күннің елеулі қадамдарын айқындайтын маңызды құжат қана емес, бұл Президент пен халық арасындағы диалогті қалыптастыратын алтын көпір іспетті. Көпшіліктің пікір-ұсынысын басшылыққа ала отырып жасалған жоспар, берілген тапсырманың орындалмаған кезі жоқ. Жолдаудағы жүйелілік пен нәтиженің де сыры – осында.
Мемлекеттегі заңсыздық пен құқық бұзушылықтың дені хабарламаны тіркемеуден бастау алады. Қылмысты жасырудың, азаматтарды негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартудың соңы жалпы әділдікке деген көзқарасты күйретеді. Мысалы, Түркістан ҚІІБ қызметкерлері бір азаматшаның арызы негізінде «Дем» дүкенінің сатушысына қатысты қылмыстық іс бастаған. Арызданушы сатушыны кассадан қомақты сомада ақша қаражатын жымқырды деп көрсеткен. Прокуратура қадағалау тәртібінде осы іске араласып, сатушыға қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Неге? Себебі тергеу органымен Бас прокурордың Нұсқауының және ҚПК-нің қылмыстық істі тіркеуге қатысты талаптары бұзылған, яғни арыз иесімен аудиттік тексеру, ревизия қорытындысы, залал сомасын растайтын құжаттар ұсынылмаған. Егер әрбір адам қанша ақша жоғалғанын білмей тұрып, кімнің жымқырғанына көзі жетпей тұрып полицияға арыздана берсе әрі оны полиция сүзгіден өткізбей тіркеп, тексеретін болса, айналамызда заңға, құқықтық құрылымдарға өкпелі жандардың саны көбейе бермей ме? Бұл – мемлекеттің құқықтық саясатына ғана емес, азаматтардың мүддесіне қарсы жасалған қадам.
Бүгінгі таңда бизнес субъектілеріне де қатысты басталған барлық қылмыстық істің заңдылығы прокурорлармен жедел түрде зерделеніп, құқықтық баға берілуде. Өйткені кәсіпкерлерді заңсыз қылмыс орбитасына тарту – Бас прокурордың қатаң бақылауында. Соның нәтижесі ретінде қадағалау тәртібінде Түркістан өңірінде кейінгі 3 жылда негізсіз басталған 800-ден аса қылмыстық іс 3 тәулік ішінде тоқтатылған. Осы санның артында қаншама жазықсыз адамның тағдыры, тілегі, сенімі тұр. Міне, сондықтан да біз Мемлекет басшысының Жолдауларында жүктелген тапсырмалардың әрқайсысын – азаматтар өмірін, мүдделерін, құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған пәрменді тетік деп қабылдаймыз.
– Мемлекеттік қызмет халыққа барынша ашық, қолжетімді болуы керектігін Президент үнемі ескертіп келеді. Осы орайда прокуратура халыққа қаншалықты жақын?
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының басты формуласы – ашық диалог, қолжетімді қызмет, жедел байланысқа негізделген. Прокуратураны да халыққа жақын еткен – осы қағидалар. Қазір азаматтар барлық ақпаратты ғаламтордан алады. Осыған орай облыс прокуратурасының бастамасымен кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл қоюда азаматтар белсенділігін арттыру мақсатында «Бұзушылыққа тоқтам» атты қанатқақты жоба іске асырылды. Бүгінде әр ауданда осындай 17 телеграм-бот ашылып, қолданысқа енгізілген. Оның тиімділігі – кез келген азамат өзіне белгілі болған, оқиғаның куәсі болған барлық құқық бұзушылық туралы дереу онлайн режімінде оқиға орнын (локациясын) көрсете отырып, құзырлы органдарға хабарлай алады және өз хабарламасы бойынша қандай әрекеттер жасалғанын біле алады. Кері байланыстың тамаша әдісі – осы. Қазірдің өзінде телеграм-боттарға жалпы 242 құқық бұзушылық туралы хабарлама түскен. Соның ішінде азаматтар интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғасы, көшенің ластануы, жолдың сапасыздығы, бағдаршамның істен шыққаны, қоғамдық орындардағы бұзушылықтар, есірткі өсіру, сақтау бойынша хабарлама берген. Ел ішіндегі заңсыздықтарды құзырлы органдардың бірден байқамауы мүмкін. Ал мына телеграмм-бот көптеген заңсыздықтың дер кезінде анықталып, шешімін табуына жол ашып отыр.
– Елімізді дамытуға инвесторларды тартудың маңызы зор. Бірақ инвесторлар заңы мықты, қауіпсіз елге ғана қаржы салғысы келетіні түсінікті. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Иә, инвесторлар – ел экономикасын дамытуға серпін беретін қуатты күш. Қазақстанның әлеуетіне сенгендіктен болар, кейінгі жылдары қаржысын біздің өндіріске салатын шетелдік инвесторлар көп. Айталық, 2025 жылдың 8 айында Түркістан облысына 783 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 125%-ға өсті. Инвестицияның көбеюі өңірдің түрленуіне, аймақтың қуатты өлкеге айналуына, көптеген жұмыс орнының ашылып, табысты азаматтар қатарының өсуіне ықпал етуде. Ал осы ел игілігіне жарайтын қаржы мақсатына сай жұмсалып, инвесторлардың құқығының бұзылмауы – прокуратураның жіті бақылауында.
Бұл жұмыста Мемлекет басшысының «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға қатысты шаралар туралы» Жарлығы басты бағдарға айналған. Осы Жарлыққа сай прокуратураға жүктелген міндет айқын. Ол – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Сонымен қатар инвесторлар бетпе-бет келетін мәселелер мен кемшіліктерді жедел шешу өзекті. Біз инвесторларды – ел экономикасына қозғау салушы, ел еңсесін тіктеуші, елдің табысын еселеуші тетік ретінде қарап, оны заңдық тұрғыдан қорғауымыз керек. Мемлекетте кәсіп жүргізуге қажетті құжаттардың реті бекітілген. Соған сай бір жобаны бастау үшін инвесторларға бірқатар құрылымның тексеруінен өтіп, рұқсатын алу қажет. Осы құрылымдардың бірі рұқсатты кешіктіріп беріп, қолдан кедергі жасаса, инвесторлар жұмысы ақсайды. Ал қазір уақыттан бағалы, сенімнен қадірлі не бар? Прокуратураның да мақсаты – инвесторларға Қазақстанның ең қауіпсіз, ең сенімді ел екенін құқықтық құралдар арқылы растау.
Сондай-ақ Президенттің бастамасымен – инвесторларды қорғау бағытында «Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді. Бұл жоба бойынша мемлекеттік органдар инвесторға қатысты кез келген тыйым салу немесе шектеу әрекетін қолға алар алдында прокуратурамен міндетті түрде келісуге тиіс. Осы механизмнің көмегімен прокурорлар екі жылда 31 инвесторға қатысты уәкілетті органдар тіркеген заңсыз әкімшілік істердің күшін жойып, 17 инвесторға қатысты заңсыз тексеруді тоқтатты. Одан бөлек, инвесторлар арасында жедел өзара іс-қимыл жасау және тиісті ақпарат алмасу үшін «Turkistan Invest ОП» атты «WhatsApp» мессенджері құрылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаптаумен байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру прокуратураға жүктелді. Оның нәтижесі қалай?
– Құқықтық зайырлы мемлекетте азаматтардың зорлық көруі, азаптауға душар болуы – нонсенс. Алайда біз әлі күнге мұндай теріс әрекеттерден арылмай келеміз. 2023 жылы Түркістан облысының прокуратурасында азаптау фактісі бойынша 51 қылмыстық іс тіркелген. Осы тіркелген 4 қылмыстық істе азаптау қылмысын 11 полиция қызметкері жасаған. Халықты қорғайды, қолдайды деп жүрген полицейлердің азаптау әрекеттерінің ортасында жүруі, әрине, өкінішті.
Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін облыстық прокуратура полиция ғимараттарындағы бейнебақылау камераларының толық жұмыс істеуіне, «соқыр» аймақтардың, заңсыз ұсталған, жеткізілген азаматтардың бар-жоғына, прокурор бөлмесінің жабдықталуына мән беріп, тұрақты тексеруде. Сондай-ақ Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп «Азаптауға жол жоқ!» тақырыбында билборд дайындалды. Кешенді жұмыстар нәтижесінде облыстық полиция бөлімдері толық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Кешенді іс-шаралардың нәтижесінде азаптау қылмысының тіркелу динамикасы күрт азайып, 2024 жылы 18 іс тіркелсе, олардың барлығы қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Ал 2025 жылы азаптау бойынша 1 ғана іс тіркелген. Осының өзі прокуратураның үйлесімді жұмысын көрсетсе керек.
– Жаңа технология мүмкіндіктерін қызметіне пайдаланбаған сала аз. Ал отандық прокуратура цифрлық жүйенің игілігін көре алып отыр ма?
– Прокуратура тарапынан жасалған бірқатар цифрлық жобаны көпшілік күнделікті тұтынып келеді. Айталық, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің жетекшілігімен дайындалған «qamqor.gov» сервисі 2017 жылдан бері ел игілігіне қызмет етуде. Бұл мобильдік қосымша мемлекет пен азаматтар арасындағы жедел диалогтің тиімді құралы ретінде мойындалған. Сервис – халықтың құқық қорғау құрылымдарына онлайн сұраныс жолдап, жылдам қызмет алу жүйесін қалыптастырған бірегей жоба.
Сонымен қатар күнделікті қолданылатын Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізімі (СДТБТ) қылмыстық істер туралы мәліметті бір орталыққа жинап, прокурорлардың қылмыстық іс бойынша әрекеттерді жіті қадағалауына мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ қылмыстық үдеріс қатысушыларына тергеу және қылмыстық қудалау органдарымен қашықтан байланысуға жол ашады.
Е-otinish арқылы шағым-арызын мемлекеттік органдарға жолдаған азаматтар оның қаралу барысын және нәтижесін жүйе бақылап отыратынын да айта кеткен орынды. Бұдан бөлек, «Ахуалдық орталық», «Георкарты», «Сот кабинеті» және т.б. ақпараттық жүйелер күнделікті қолданылуда, бұлар өз кезегінде жұмыс барысында тиімділігін тигізіп келеді.
Прокуратурадағы кез келген жоба, әрбір бастама – халықтың пікірі мен ұсыныстарын ескере отырып қолға алынған терең ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Көпшіліктің көңілінен шыққан, азаматтардың қажетіне жараған жобалар ғана өміршең болады. Біз осындай өміршең жобалар дайындауға күш саламыз. Мысалы, комитет порталында адамдарды іздеу бойынша 5 бөлім бар. Соның арқасында алимент бойынша берешегі бар азаматтардың тізімін іздеу өте жеңіл. Алимент төлеуден жалтарғандарға, сот орындаушылары белгілі бір шектеулер қоятыны белгілі. Әрі мұндай борышкерлер іздеу тізіміне енгізіледі. Біздің қызметімізде осындай іздеуде жүрген мыңға жуық адам бар.
«Балаларды іздеу» деп аталатын бөлімде 7 жасқа дейінгі жоғалған балаларға қатысты ақпарат жинақталған. Порталда қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу барынша ыңғайлы. Мұнда кез келген адамның іздеуде екенін тексеруге болады. Мысалы, сіз жұмысшылар тобын жалдайсыз, өзіңізді және отбасыңызды қорғау үшін порталға олардың атын енгізіп, іздеуде тұрған, тұрмағанын білу оңай.
Прокуратура қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық салаларда құқықтық статистиканы жинап қана қоймай, ақпаратты алудың ыңғайлы әдістерін де дамытып жатыр. Біздің ерекшеліктерімізге сүйене отырып, қылмыстардың, әкімшілік құқық бұзушылықтардың толық және сенімді статистикасына қол жеткізуге болады.
Әңгімелескен –
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»