Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіріп, жаһандық цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің қоғам өміріне және барлық салаға ықпалы зор екенін айтты. Бұл үдеріс әлемнің бет-бейнесін, адамдардың ойлау жүйесін, мінез-құлқын және құндылықтарын да өзгертетіні анық. Сенат төрағасы мұндай тарихи кезеңде табан тірейтін құндылықтарды айқындап, оларды жаңа заманға бейімдеу және тың тетіктер арқылы уақыт талаптарымен үндестіру жолдарын анықтау маңызды міндет екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы үнемі осы бағыттағы идеологиялық жұмысқа баса мән беріп келе жатқанын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде нақты міндет жүктеді. Мұндай қадам ұлттық бірегейлігімізді одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Кездесу барысында аталған бағыттар мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде цифрлық технологияларды қолдану мәселелері жан-жақты талқыланып, тың ұсыныстар айтыларына деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Палата спикері атап өткендей, бүгінде адамзат жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Былтыр бизнес жасанды интеллект саласына 250 млрд доллардан аса инвестиция құйса, биылғы көрсеткіш одан бірнеше есе жоғары. Сонымен қатар былтыр әлемдік компаниялардың 78 пайызы жасанды интеллектіні қолданатынын растаған. Бұл аталған бағыттың аса жоғары қарқынмен дамып, қоғам өміріне жаппай еніп жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты М.Әшімбаев цифрлық дәуірді қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастырып, ұлттық және цифрлық иммунитетті одан әрі нығайту маңызды екенін тілге тиек етті.
«Ұлттық құндылықтар заман көшіп, дәуірлер алмасса да, шайқалмайтын негіз, құбылмайтын бағдар болып қалуы керек. Сонымен қатар адалдық, еңбекқорлық және ортақ жауапкершілік секілді жалпы адамзаттық ұғымдар да айрықша мәнге ие. Осы орайда ұлттық құндылықтарымызды цифрлық кеңістікке алып шығып, заманауи тәсілдермен дәріптеген абзал. Яғни цифрландыру – қазірде ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тиімді тетігі. Сондықтан цифрлық дәуірді қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастырған жөн», деді М.Әшімбаев.
«Ұлттық мүдде» диалог алаңында сенаторлармен қатар Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай, IT-визионер, CEO CodiPlay Данабек Қалиаждаров, Президент жанындағы ҚСЗИ бөлім меңгерушісі Салтанат Ермаханова, суретші Сырлыбек Бекботаев, Astana IT University «Жасанды интеллект» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшесі Жанерке Кочйигит және тағы басқа қатысушылар сөз сөйледі.
Сонымен қатар «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы аясында шығармашылық индустрия өкілдері, оның ішінде ÓzgeEpic, лингвистер, студенттер, өнертанушылар, суретшілер және басқа да түрлі сала мамандары жаңа технологиялардың көмегімен әзірлеген жобалар көпшілікке таныстырылды. Олардың қатарында визуалды және интерактивті технологиямен жабдықталған E-museum веб-порталы бар. Аталған жоба әлемнің кез келген бұрышындағы азаматтарға 3D үлгі арқылы ұлттық мәдени мұрамызды тамашалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар руна жазуын оптикалық және интеллектуалдық тану арқылы оқып, талдауға, «Steppe Games» мобильді ойыны арқылы қазақ тілін оқытуға, «Қазақ әдебиетінің аудиоқоры», Қорқыт, Oyu Resonance бастамалары арқылы ұлттық әдебиет, тарих және өнерді тануға арналған жаңа жобалармен танысты.