Кеше кешкілік Павлодар қаласында құрылыс алаңында — әкімшілік ғимаратты жеке мектепке бейімдеу мақсатындағы қайта жаңарту жұмыстары кезінде төбе жабындысы құлаған. Үйінді астында 1967 жылы туған ер адам қалып қойған.
Оқиға орнына жедел түрде Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің 20 қызметкері мен 6 арнайы техника жұмылдырылды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін тепловизормен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараты және кинологтар бригадасы жұмыс істеді.
Бүгін таңертең сағат төрттерде құтқарушылар үйінді астында қалған ер адамның жатқан жерін анықтаған. Өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
- Мемлекеттік органдар тарапынан марқұмның отбасына жан-жақты қолдау мен қажетті көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ Павлодар қаласының әкімдігі марқұмның отбасына құрылыс нысанында жұмыс жүргізген мердігер ұйым мен тапсырыс беруші - жеке кәсіпкер тарапынан көмек көрсетілуін бақылауға алады.
Аталған оқиға бойынша полиция «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша Қылмыстық кодекске сәйкес іс қозғады.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Павлодар облысы