Қоғам • Бүгін, 11:02

Латын әліпбиі бізге не үшін керек?

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тіл – ұлттың жүрегі болса, әліпби – сол жүректің соғысын білдіретін таңба. Біз бүгін кімбіз, ертең кім боламыз – осы сұрақтардың жауабы тікелей тіл мен жазуға байланысты. Демек, латын әліпбиіне көшу – таңбаны ғана емес, сананы жаңартатын, болашаққа бет бұратын ұлттық шешім болмақ. Егер біз шын мәнінде тәуелсіз мемлекет құрғымыз келсе, онда жазуымыз да тәуелсіз болуға тиіс.

Латын әліпбиі бізге не үшін керек?

Фото: Ашық дереккөз

Қазақ тілі – түркі халықтарының арғы-бергі тарихынан келе жатқан мыңжылдық мұра. Орхон мен Талас жазбалары – тіліміздің ежелгі төркіні. Бүгінде қолданып жүрген қарапайым сөздеріміздің көбі сол дәуірден жеткен: «бас», «көз», «жер», «қол», «су» – бәрі де түп-тамырдан үзілмеген сөздер.

Әліпби – тек әріп емес, еркіндік символы. Біздің жазу тарихымыз бірнеше кезеңнен тұрды:

  • Орхон-Ұйғыр дәуірі – алғашқы түркілік мемлекеттік жазу;
  • Араб жазуы – ғылым мен дін дәуірі;
  • Кеңестік кирилл – отарлық үстемдік;
  • Тәуелсіздік кезеңі – ұлттық жаңғыру.

Енді алда латын әліпбиі арқылы ұлттық ойлау мен өркениеттік бетбұрыс кезеңі тұр. Неге латын әліпбиі керек? Біріншіден, түркі халықтарымен ортақ кеңістік орнайды. Екіншіден, қазақ тілінің табиғи дыбысталуы дәл беріледі. Үшіншіден, жастарға ыңғайлы, заманауи жазу. Төртіншіден, ғылым мен технология тілін меңгеруге мүмкіндік. Бесіншіден, бұл – рухани тәуелсіздіктің нақты белгісі. Бүгінде бауырлас Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан секілді елдер латын жазуын қолданып отыр. Біз неге қалысуымыз керек?

Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп бекер айтқан жоқ. Біздің міндет – осы кодты заман талабына сай жаңартып, ұрпаққа лайықтап жеткізу. Латын әліпбиіне көшу – таңдау ғана емес, уақыт талабы. Біз бұл қадамды аса ойланып, бірақ кейінге қалдырмай, біртіндеп, бірізділікпен жүзеге асыруымыз керек. Ұлт болып ұйысудың бір жолы – ортақ тіл, ортақ әліпби, ортақ сана.

 

Талғат ЕРҒАЛИЕВ 

Астана қаласы Мәслихатының депутаты