Ата заң • Бүгін, 14:01

Жаңа Конституция билік теңгерімі мен адам құқықтарын нығайтады

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Конституция кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, қоғам мен билік арасындағы ең жоғарғы келісім. Ол мемлекеттің қандай қағидаттарға сүйенетінін, билік пен азаматтың қарым-қатынасы қандай өлшеммен реттелетінін айқындайды. Елімізде 2022 жылдан басталған конституциялық реформалар осы қатынастарды қайта қарауға бағытталды. Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы сол өзгерістердің жалғасы ретінде қабылданып отыр.

Жаңа Конституция билік теңгерімі мен адам құқықтарын нығайтады

Сонымен бірге кез келген конституциялық реформа тек саяси бастама емес, қоғамның даму логикасымен байланысты құбылыс. Сондықтан жаңа Конституцияны бағалағанда оның тек декларативті нормаларына емес, билік құрылымдары мен азаматтық құқықтарға қалай әсер ететініне назар аудару маңызды.

Билік жүйесін қайта қарау қажеттілігі

Заң ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ермек Әбдірасуловтың пікірінше, конституциялық өзгерістер мемлекетті басқарудың тұтас моделін жаңартуға бағытталған.

«Мемлекетті жаңғырту тек жеке түзетулермен шектелмейді. Ол билік жүйесінің құрылымын, халық өкілдігін және құқықтық механизмдерді кешенді түрде қайта қарауды талап етеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтып, құқықтық жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған», дейді профессор.

Бұл пікірдің астарында маңызды мәселе жатыр. Конституция тек құқықтар мен міндеттер тізімі ғана емес. Ол биліктің қалай ұйымдастырылатынын, оның қандай шектеулерге бағынатынын және қоғам алдында қандай жауапкершілік жүктейтінін анықтайды. Сондықтан жаңа Конституциядағы өзгерістердің негізгі бағыты билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нақтылауға бағытталған.

Сарапшының айтуынша, бірпалаталы Құрылтайға көшу мен Халық Кеңесін құру идеясы да осы мақсатпен байланысты. Мұндай институттар азаматтардың өкілдігін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі. Дегенмен кез келген жаңа институттың тиімділігі оның нақты өкілеттігі мен жұмыс механизмдеріне байланысты болатыны белгілі.

Оқи отырыңыз: Ата заң эволюциясы: өтпелі кезеңнен кемел келешекке

Адам құқықтары: декларациядан кепілдікке

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі ретінде адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі жиі аталады. Бұл бағытта бірнеше маңызды нормалар ұсынылып отыр.

«Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заңның кері күшіне тыйым салу, адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту – құқықтық әрі демократиялық мемлекетті қалыптастырудың берік негізі», дейді Ермек Әбдірасулов.

Бұл нормалардың мәні тек құқықтарды жариялаумен шектелмейді. Құқықтық мемлекет үшін ең маңызды мәселе – сол құқықтардың нақты өмірде қалай қорғалатыны. Заңның кері күшіне тыйым салу, қорғаушы институттардың мәртебесін нығайту немесе сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту сияқты нормалар құқықтық кепілдіктерді нақтылауға бағытталған.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның мазмұны қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қамтуға тырысқанын айтады.

«Жаңа Конституцияда кез-келген санаттағы, кез-келген әлеуметтік және кәсіби топта, кез-келген жастағы адам өз мүдделері қамтылғанын көре алады. Бұл әрбір азамат өз құқықтарын қорғауда сенімді конституциялық кепілдіктерге ие болды деген сөз. Барлық азаматтар жасына, әлеуметтік жағдайына қарамастан еңбек ету және демалу құқығына, білім алуға, денсаулығын сақтауға, сөз бостандығы мен бейбіт жиындар өткізуге, жеке деректерін қорғауға мүмкіндік алады», дейді ол.

Алайда құқықтық ғылымда жиі айтылатын қағида бар: Конституциядағы құқықтардың шынайы құны олардың қалай іске асатынымен өлшенеді. Сондықтан жаңа Конституциядағы нормалардың тиімділігі құқық қолдану тәжірибесіне байланысты болмақ.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция – болашақтың стратегиялық таңдауы

Цифрлық дәуірдегі құқықтар

Жаңа Конституция жобасында жеке өмірді қорғау ұғымы кеңейтілген. Бұған дейін бұл мәселе көбіне тұрғын үйге қол сұқпаушылық немесе хат-хабар құпиясы деңгейінде қарастырылып келсе, енді цифрлық кеңістік те адамның жеке аумағы ретінде танылып отыр.

Қазіргі қоғамда адамның өмірі ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Банктік деректер, әлеуметтік желідегі мәліметтер, жеке коммуникациялар – бәрі цифрлық кеңістікте сақталады. Сондықтан дербес деректердің қауіпсіздігі құқықтық саясаттың маңызды бөлігіне айналды.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жаңа Конституциядағы осы нормалардың халықаралық стандарттарға сәйкес екенін айтады.

«Конституциялық соттың Конституцияның үстемдігін қорғау және халықаралық шешімдердің орындалуын бағалау жөніндегі өкілеттіктері конституциялық сот төрелігінің қазіргі моделіне сай. Бұл халықаралық міндеттемелерден бас тарту емес, мемлекеттің конституциялық бірегейлігін қамтамасыз ету тетігі», дейді депутат.

Бұл жерде екі ұстаным қатар көрінеді. Бір жағынан, Қазақстан халықаралық құқықтық стандарттарға бейімделуге тырысады. Екінші жағынан, ұлттық құқықтық жүйенің дербестігін сақтауға мән береді.

Құқықтарды шектеудің нақты шекарасы

Конституциялық құқықта ең күрделі мәселелердің бірі – құқықтарды шектеудің негіздері. Әдетте мемлекет қауіпсіздік немесе қоғамдық тәртіп сияқты себептерді алға тартып, кейбір құқықтарды шектеуге құқылы. Бірақ мұндай шектеулердің нақты шекарасы болмаған жағдайда құқықтық жүйеде теңгерім бұзылады.

Жаңа Конституцияда құқықтарды шектеудің шарттары нақты көрсетілген. Заңмен ғана және қажетті мөлшерде ғана шектеу мүмкін екені белгіленген. Сонымен қатар бірқатар негізгі құқықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс екені айқын жазылған.

Бұл норма билік өкілеттігін құқықтық тұрғыдан шектейтін маңызды қағида саналады. Яғни мемлекет кез келген жағдайда адам қадір-қасиетіне қол сұқпауға міндетті.

Жаңа кезеңге өтудің құқықтық негізі

Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңімен байланысты екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан дамудың тарихи кезеңінде тұр. Мемлекет басшысының бастамасымен өткен ашық талқылаулардың қорытындысында сарапшылардың, ғылыми қауымдастықтың және қоғамның барлық сала өкілдерінің пікірлері ескерілген жаңа Конституция жобасы дайындалды. Оның басты ерекшелігі – өршіл рух пен кемел келешекке деген ұмтылысында. Құжат халықтың арман-мұратымен үндесіп жатыр», деді ол.

Шынында да, кез келген конституциялық реформа мемлекеттің белгілі бір даму кезеңін білдіреді. Қазақстандағы алғашқы Конституциялар көбіне өтпелі кезеңдегі мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталса, қазіргі өзгерістер қоғамның құқықтық және институционалдық дамуына бейімделуге арналған.

Оқи отырыңыз: Конституциялық өзгерістер халық мүддесіне қызмет етеді

Қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа келісім

Жалпы алғанда, жаңа Конституция бірнеше маңызды міндетті қатар көздейді. Біріншіден, билік тармақтарының арасындағы теңгерімді нақтылау. Екіншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту. Үшіншіден, цифрлық дәуірдегі жаңа құқықтық қауіпсіздік талаптарына жауап беру.

Дегенмен кез келген Конституцияның өміршеңдігі оның мәтінінде емес, құқықтық мәдениетте көрінеді. Заң нормаларының нақты іске асуы, соттардың тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтық санасы – осының бәрі конституциялық реформаның нәтижесін айқындайды.

Сондықтан жаңа Конституцияны тек жаңа құқықтық құжат ретінде емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды қайта пайымдауға бағытталған қадам ретінде қарастыру орынды. Егер ұсынылған нормалар толық іске асса, ол еліміздің құқықтық жүйесінде жаңа кезеңнің басталуына негіз болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар