Ауқымды шараға полиция қызметкерлерімен қатар, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері де тартылды. Іздеу және бақылау жұмыстарына тікұшақтар, дрондар және спутниктік координаталар пайдаланылған.
Операция қорытындысы бойынша:
- 3,5 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелді;
- 27 тоннадан астам түрлі есірткі заты тәркіленді;
- Құрамында есірткі бар 110 мыңнан астам бұта жойылды;
- 4 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ әшкереленді;
- 6 есірткі зертханасы жойылды;
- Есірткі жеткізудің 50 ішкі арнасы жабылды.
Өңірлер бойынша да бірқатар деректер анықталды. Мәселен, Жамбыл облысында 200 келіден астам марихуана тәркіленсе, Жезқазғанда 100 келіге жуық есірткі заты табылды. Алматы әуежайында Үндістан азаматы ұсталып, оның елге 3 келі марихуананы заңсыз әкелмек болғаны белгілі болды. Ал Қызылорда облысында салмағы 300 келіні құрайтын 928 түп қарасора анықталды.
Министрлік атап өткендей, «Қарасора-2025» операциясы – «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті алдағы уақытта да азаматтардың денсаулығын қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейтуді жалғастырады.
ІІМ өкілдері есірткі жолына түскен әрбір адам заң алдында жауап беруден қашып құтыла алмайтынын ескертеді.