Әдебиет • Кеше

Жазушылар одағы әдебиет мәселесін көтерген депутатқа жауап берді

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы белгілі ақын Қазыбек Иса бастаған «Ақ жол» фракциясының бірнеше депутатының қазақ әдебиетінің дамуына қатысты жолдаған депутаттық сауалына орай мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

Жазушылар одағы әдебиет мәселесін көтерген депутатқа жауап берді

Мәлімдемеде көрсетілгендей, депутат айтқан мәселе бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы тарапынан бірнеше мәрте көтерілген, кейбірі шешімін тауып, кейбірі жүйелі түрде жүзеге асып жатыр.

«Осыдан екі жыл бұрын, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдағанда осы мәселелерге назар аударған болатын. Мемлекет басшысы жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты. Бұл қолдауды жас қаламгерлер бүгінге дейін тұрақты түрде сезініп келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде жыл сайын беріліп келе жатқан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын, «Жас ақын-жазушыларға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты», «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын айтсақ та жетіп жатыр.

Бүгінде Одақ Президент Әкімшілігімен, Үкіметпен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен, облыстық әкімдіктермен, сондай-ақ шет мемлекеттермен өзара бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып отыр. Сондықтан да «үкіметтің құзырлы орындарында заманауи әдебиет пен мәдениеттің иісі мұрнына бармайтындар әдебиетті қолдауда немқұрайдылық пен шарасыздық танытып отыр» деуіңіз – орынсыз.

Сонымен қатар сіздің «Үкімет пен әдебиет арасындағы мәдени үнқатысуды жүйелі диалогтік платформа ретінде бекіту» деген ұсынысыңыз да біржақты пікір сияқты. Себебі қаламгер қауымы билікпен диалог жүргізумен уақыт өткізсе әдебиетті кім жасамақ?

Қазақ әдебиетінің болашағы – жас буында екені даусыз. Сол себепті, Қазақстан Жазушылар одағы жас таланттарды қолдау мен әдеби үдерісті жаңа бағытта дамытуға баса назар аударып келеді. Атап айтқанда, «Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» жобасы жалғасып, 20 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында түрлі шығармашылық байқаулар, шеберлік дәрістері мен әдеби кештер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар балалар әдебиетін дамыту, жас буынның рухани өсуін, оларды ұлттық құндылықтар мен мәдениетке баулу, балаларға арналған шығармаларды насихаттау, сол арқылы жалпы әдебиеттің дамуына үлес қосу мақсатында Жазушылар одағы Халықаралық «Ертөстік» Балалар әдеби сыйлығын тағайындады. Бұл жоба енді тұрақты түрде іске асатын болады. Бұған қоса, былтыр Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Алматының жас жазушысы» жобасын ендігі жылдан бастап Оқу-Ағарту министрлігінің қолдауымен бүкіл Қазақстан аумағында «Қазақстанның жас жазушысы»атауымен өткізу жоспарланып отыр. Мектеп жасындағы жас таланттарды мектеп қабырғасынан әдебиетке баулу біздің қасиетті борышымыз», делінген одақ мәлімдемесінде.

Одақ жүзеге асырылып жатқан бірнеше жобаны атай келе, депутаттық сауалда көтерілген қазақ әдебиетінің келешегіне қатысты мәселелер – Қазақстан Жазушылар одағының күн тәртібіндегі басты бағыттармен, атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстармен толық үндесетіндігін айтады.