Жарыста ел намысын 100-ге жуық үміткер қорғайды. Олар спорттың 15 түрінен бақ сынайды. Командамыздың қоржынына алғашқы медальды Шерзод Давлатов салды. 60 кг салмақта белдескен дзюдошы күміс медальға ие болды. Бастапқы бәсекелердің барлығында қарсыластарын қапы қалдырған Шерзод финалда түркиялық Салих Йылдызға үш «шидоның» кесірінен ұтылды. Ержан Еренқайыпов (66 кг) пен Мәди Амангелді (81 кг) де сол межеден көрінді. Шешуші сында Ержан Өзбекстанның өкілі Замохшари Бекмуродовқа есе жіберсе, Мәди Түркияның атақты балуаны Ведат Әлбайрақтың оңай олжасына айналды. Самалай Ерғалиева (63 кг), Айдар Арапов (90 кг), Назгүл Маратова (+78 кг) үшінші орынға табан тіреді.
Дзюдо күресінің шеберлері тек күміс пен қоланы қанағат тұтып жатқанда Аруна Жангелдина (78 кг) жасындай жарқылдады. Исламиаданың ашылу салтанатында Қайсар қыз Эр-Рияд татамиінде қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, алтыннан алқа тақты. Финалда Аруна камерундық Георгику Мунесті айқын басымдықпен ұтты.
Жүзушілер сайысында Айбат Мырзамұратов (200 метр кешенді әдіс, 100 метр брасс) қос қоланы қоржынға салды. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде асқан шеберлік танытқан еліміздің қос өрені жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл бәсекеде Әділбек Мусин бас жүлдені олжаласа, Максим Сказобцов күміспен күптелді. Дәл осы қашықтықтағы әйелдер сайысында Софья Сподаренко теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ құрамында Әділбек Мусин, Максим Сказобцов, Даниил Черепанов, Ғалымжан Балабек сынды спортшылары бар біздің команда еркін тәсілдегі 4x200 метрлік эстафетада екінші орынды иеленді.
Үстел теннисінен еліміздің ерлер құрамасы ешкімге бет қаратар емес. Бастапқы бәсекелерде Тәжікстан (8:0) мен Бахрейннің (8:1) тас-талқанын шығарған олар ширек финалда Қатарды (8:1) бас көтертпей жеңді. Біздің команданың намысын Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов қорғап жатыр.
Жалпы командалық есепте еліміз әзірге бесінші орында. Қоржынымызға 3 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль бар. Алғашқы үш орынды Түркия (26+6+4), Өзбекстан (4+9+4), Нигерия (4+1+1) құрамалары иеленіп тұр.