Монографияны Қарағандыдағы «Buketov University» ұлттық жоғары оқу орнының ғалымдары дайындаған. Осы университет делегациясы жақында «QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2025» халықаралық форумына қатысты. Ауқымды жиын Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім берудің даму үрдістері, инновациялар және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналды. Осы келелі іс-шара аясында ұйымдастырылған «Korea Foundation» алаңында «Қазақстандағы корейлердің тарихи-мәдени мұрасы» атты ғылыми монографияны таныстырды.
Сондай-ақ делегация Сеулдегі Сунгсин әйелдер университетінде (Sungshin Women’s University) ресми кездесу өткізіп, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатта ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты дамыту, профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейту бағыттары қамтылды. Сапар аясында қазақ ғалымдарының еңбектері Ханкен ұлттық университетіне және Сувон университетінің профессоры Пак Хванға табысталды.