«Жиналған мәселелерді бір маусымда шешу мүмкін емес. Дегенмен, биыл демалушыларға қолайлы жағдай жасалып, инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді», деді өңір басшысы.
Бөлінген қаржы есебінен төмендегі бірнеше нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр:
-
Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосын салу – 141 млн теңге;
-
жаңа қоғамдық кеңістік құру – 171,6 млн теңге;
-
Арбатты жөндеу – 108,9 млн теңге;
-
жағалау көшелерін орташа жөндеу – 229,5 млн теңге;
-
жағалауды абаттандыру – 107,5 млн теңге;
-
пирстер орнату – 41,6 млн теңге;
-
жағалауды санитарлық тазалау – 53,5 млн теңге.
Берік Уәлидің айтуынша, Алакөл өңірінің дамуын жүйелі түрде жүзеге асыру үшін жаңа бас жоспар дайындалып жатыр. Ол 1000 гектар аумақта демалыс пен туризм аймақтарын қалыптастыруды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруді көздейді. Болашақта жоба Қабанбай ауылын және жағалауды біріктіріп, аумақты 3000 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлайды.
Инвестициялық жобалардың ішінде Әзербайжан инвесторларының қатысуымен «Алакөл» шипажай кешенін салу және қытайлық San Bao, Ванджан, Juding Group компанияларының қатысуымен 100 жылдам тұрғызылатын қонақүй (глэмпинг) нысанын тұрғызу қарастырылған.