Сурет: qaz365.kz
Әншінің кәсіби мансабы дәл осы Париж қаласында әлемге әйгілі Бастилия опера театрының солисті ретінде басталып, кейін Страсбург, Бордо, Ренн және Авиньон қалаларында жалғасын тапқан еді. Екі онжылдықтан кейін Майра Мұхамедқызы француз тыңдармандарының алдында дүниежүзілік опера сахнасының танымал жұлдызы ретінде қайта өнер көрсетті.
Қазақстанның Франциядағы елшілігі ұйымдастырған кеште «Біржан сал», «Ер Тарғын» және «Абай» операсынан алынған ариялар, сондай-ақ әнші шебер орындаған қазақтың халық әндері көрермен ықыласына бөленді.
Сахна төрінде Майра Мұхамедқызымен бірге пианист Алияр Өтетілеу, Шымкент қалалық опера және балет театрының квартеті өнер көрсетті. Олардың шеберлігі әрбір туындыға ерекше эмоциялық әсер сыйлады.
Француз көрермендері концертті қошеметпен қарсы алып, әрбір орындауды ұзақ қол шапалақпен қазақ мәдениетіне деген шынайы қызығушылық танытты.
Кештің құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан мен Францияның өнер және мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпус пен іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ Париждің 8-округінің әкімі Жанна д’Отсерр болды.