Қос жүлденің біріншісі «Grand challenge award» деп аталады. Бұл – роботтардың біліктілік ойындарында рекорд орнатқан абсолютті чемпиондарға берілетін турнирдің бас жүлдесі. Ал «Albert einstein award» атағы үздік инженерлік әзірлемесі бар, техникалық шеберлігі жоғары командаларға беріледі.
Бұған дейін ұлттық құрама Женева-2022, Сингапур-2023, Грекия-2024 жарыстарында да үздік атанып, халықаралық STEM бағытында әлемдік көшбасшы мәртебесін иеленген. Жасанды интеллектінің қарқыны күшейіп, цифрлық технологиялар күнделікті өмірімізге дендеп еніп жатқан уақытта робот құрастырып, бағдарламалау тілін ерте жастан меңгеру заман талабына айналғаны жасырын емес.
«Дара дарындарымыз екі бірдей алтын марапатты қанжығасына байлап, абсолютті чемпион атанды. Төрт дүркін жеңімпаз атану үлкен жетістік. Бұл ретте, команданың құрамы бірде-бір рет қайталанбағанын атап өткен жөн. Жыл сайын ел намысын қорғауға жаңа қатысушыларды дайындаймыз», деді «USTEM Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.
Еліміздің құрамасын NIS Алматы-Медеу мектебінің 9–10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Әлихан Орынбасаров, Мадияр Әсетұлы және Нұрасыл Тұрсынбаев таныстырды. Олардың жаттықтырушылары – Нұрдәулет Досмағамбет, Асылбек Мырзахметов және Дулат Байтүленов.
Биылғы жарыстың «Eco-Equilibrium» тақырыбы жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге және биоәртүрлілікті сақтауға арналған еді. Ұлттық құрама роботты әзірлеу арқылы экожүйелерді қалпына келтіруге басымдық беріп, ерекше көзге түсті. Олардың роботы ойын алаңындағы кедергілерді алып тастап, биоәртүрлілік бірліктерін экожүйелерге дәл орналастыратын күрделі тапсырманы сәтті орындап шықты.
Айта кетейік, Ұлттық құраманы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «USTEM Foundation» қоғамдық қоры, Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы, сондай-ақ отандық «Cannect.AI» стартабы қолдады.