Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мектепке ерте, балабақшаға кеш
Екі балалы ана Бағым Сұлтанқызы қазір үлкенінің балабақшадан үйренгенін ұмытып қала ма деп алаңдайды. «Жақында тұңғыш балам 6 жасқа толды. Келесі қыркүйекке дейін баламды қайда апарарымды білмей отырмын. Балабақша бізге, әлбетте, өте ыңғайлы. Баланың қарны тоқ, таңнан кешке дейін өзін дамытатын пайдалы әрекетпен айналысады. Иә, мектептерде де даярлық сыныбы бар, бірақ мұнда түске дейін ғана оқиды. Ал бізге жарты күндік жұмыс жоқтың қасы. Баламыз 6 жасқа, міне, осы қараша айының басында ғана толып отыр ғой, қыркүйекте жасы жетпеді. 6 жастан 1-сыныпқа беруді ерте көрдік. Әлі ойын баласы ғой, обалсындық», дейді Бағым.
Кейіпкеріміздің ойынша, 6 жасқа толмаған баланы мектепке беру – оның балалығын ұрлаумен тең. Себебі қазіргі мектеп бағдарламасы өте қиын. Әрине, бала алғыр, бірақ бұл осы күнгі күрделі оқу жүйесіне оңай ілесіп кетеді дегенді білдірмейді. Оның үстіне астаналық оқу ошақтарындағы сыныптар лық толы, бір мұғалім 35–40 баламен қайбір жарытып жұмыс істейді.
Иә, жыл сайын мұндай мәселе жиі көтеріледі, ата-аналарды, әсіресе балалары жылдың соңына қарай дүниеге келген ата-аналарды «Мектепке ерте, балабақшаға кеш. Неғылсам екен?» деген сауал мазалайды. Бастауыш сынып мұғалімі Азия Кемелбекова бұл сұраққа жауап әр баланың әлеуеті мен мектепке дайындығына қарай әртүрлі екенін айтады. «Білім беру стандарты, оқу бағдарламасы жас ерекшелігіне қарай балалардың бәріне бірдей болғанымен, олардың мектепке дайындығы, жеке дамуы, қабілеті мен әлеуеті әртүрлі болып келеді. Менің маман екенімді білетін таныстарым, туыстарым: «Баламды мектепке 6 жастан берейін бе, жоқ 7 жасқа қарағанда бергенім дұрыс па?» деп сұрап жатады. Олардың алаңдауын түсінемін, өйткені ертең оқушы сабағына үлгермей жатса, оны бала емес, үй-іші, ата-анасы оқиды. Мұндай мысалдар өте көп. Жоғарыдағы сұраққа «баланың қабілетіне қарау керек» деп жауап беремін. Себебі психологиялық-психикалық, физиологиялық жағдайы жақсы бала әдетте 6 жаста-ақ мектепке дайын болады. Бұл да онымен ата-анасының айналысқанына, дамуына уақыт бөлгеніне байланысты. 1-сыныпқа келгенде мектепке дайындалған бала мен дайындалмаған бала бірден көзге ұрып тұрады. Қиналатындар да сол – не үйде дайындалмағандар, не балабақша көрмегендер, не мектептің дайындық сыныбына жарытып бармағандар. Әйтпесе бәрі де қабілетті, тек кішкене уақытында дайындау жетіспейді», дейді мұғалім.
Заң мен билік не дейді?
Қолданыстағы «Білім туралы» заңының 30-бабында мектепалды даярлық міндетті және тегін екені жазылған. Оқу-ағарту министрлігінің бұған дейін осы мәселеге қатысты таратқан ашық дереккөздердегі ақпаратына сүйенсек, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын игеру мерзімі 5 жылды құрайды. Осыған орай «Білім туралы» заңының 30-бабына сәйкес, мектепалды даярлық 5 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейін жүзеге асады. Алайда ерекше қажеттілігі бар балалар (ПМПК – психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша) мен сол жылы қыркүйек–желтоқсан айларында 6 жасқа толатын балалар үшін бұл шектеу алынып тасталған. Яғни олар балабақшаға немесе мектепалды даярлық сыныбына баруды жалғастыра алады.
Біз тақырыпқа орай салалық министрліктегі жауапты маманға хабарластық. Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова мәселеге қатысты: «Стандарт бойынша барлық мектеп пен балабақшада даярлық топ пен сыныптың болуы міндеттелген. «Білім туралы» заңда мектепалды даярлық міндетті деп жазылған, бірақ ата-аналар мектепалды даярлықтан бала 5 жасында өтетінін түсінуі керек. Себебі жасы 6-ға толған бала 1-сыныпқа барады. Қазіргі таңда 6 жастағы балалардың 82 пайызы 1-сыныпта оқып жүр. Мемлекеттік және мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істейтін жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар 6 жасқа толған баланы босататын себебі бір балаға 2 жыл қатарынан мектепалды даярлық тобына мемлекеттік тапсырыс берілмейді. Орын келесі келетін балаға босауы керек. Тек денсаулығы бойынша ПМПК жолдамасы болса, екінші жылға қала алады. Ал орынды босатқан баланы үйде қарайтын адам болмаса, мемлекеттік тапсырыс алмайтын жекеменшік балабақшалардың ақылы тобына берсе болады», деп түсініктеме берді.
Министрлік өкілінің айтуынша, Мектепке дейінгі білім беру стандарты, мектептің 1-сыныбына бала қабылдау туралы №564 бұйрыққа сәйкес баланың жасы күнтізбелік жылда 6 жасқа толатын болса, ол 1-сыныпқа қабылданады. Негізі мектептегі мектепалды даярлық сыныбы мен балабақшадағы мектепалды даярлық тобының оқу бағдарламасында айырмашылық жоқ. Екі жақта да 5 жастағы баланы мектепке дайындайды. Тек балабақшада күн бойына оқытумен қатар тәрбие жұмысы жүргізіледі, ал мектепте 4 сағат қана оқиды. Сондықтан мектептегі мектепалды даярлық сыныбы мен балабақшадағы мектепалды даярлық тобы да 5 жастағы балаға арналған.
«Бұрын біздің елімізде де балалар 7–8 жасында мектепке қабылданатын. Кейіннен 7 жас болды. Одан кейін 6–7 жас болып өзгертілді. Сонда 50–60 жылдағы үрдіс заман ырғағына қарай мектепке қабылданатын жастың уақыт өте келе артқа шегініп отырғанын көрсетеді. Біз 6 жасқа әліппені кіргізетін кезде барлық халықаралық тәжірибені зерделедік. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының құрамындағы 134 елдің 129-ында балалар 6 жаста мектепке барады. Кейбір елде мектепалды даярлық 4 жастан басталады. Біз осының бәрін талдай келе түйгеніміз, баланың неғұрлым ерте дамуы, өмірлік қажет дағдыларының ерте қалыптасуы оның алдағы білімге араласуының сәтті болатынын болжайды. Бұл мәселенің барлығы ата-аналармен бірлесе, оларды толық, жан-жақты ақпараттандыру арқылы шешілуге тиіс. Осы күні ата-ананың жауапкершілігі деген де өте үлкен мәселеге айналды», дейді М.Адамова.
Жолы мен жөні
6 жасқа қыркүйектен кейін толған немесе ата-анасы әлеуеті жетіп тұрса да мектепке беруді ерте санаған балаларда екі жол бар екен. Оның біріншісі – жоғарыда министрлік өкілі айтқан мемлекеттік тапсырыс алмайтын жекеменшік балабақшаға беру. Екіншісі – үйде тәрбиелеу, оқыту. Мәселесі мақаламызға тұздық болған Бағым Сұлтанқызы айтқандай, бірінші жолды барлық отбасының жағдайы көтере бермейді. Өйткені Астанадағы жекеменшік балабақшалардың төлемақысы 80–100 мың теңгеден басталады. Ал екінші жол – баланы үйде қалдыру.
«Біз осы екінші жолды таңдап отырмыз. Себебі маңайда оңтайлы балабақша табылмай тұр. Сол себепті ауылдан әжесін шақырттық. Өзі педагог болған. Бұл ретте жолымыз болып отыр. Бірақ бәрінің әжесі мұғалім емес қой. Болған күннің өзінде ортаға үйрену, ұжымға бейімделу, қоғамға кірігу, құрдастарымен бірге әрекет ету деген маңызды дағдылар бар емес пе? Мұның бәрін үйдегі әжесі мықты педагог болғанның өзінде бере алмайды. Көбі айналысатын адам жоқ, әйтеуір декреттік демалыста отырған анасына қолғабыс болып жүреді. Сонда олар қайтеді? Мұндайда, әлбетте, бала үйдегі тіршілікпен уақыт өткізеді. Бір жыл зулап өте шығады, мектепке баратын уақыт жеткенде бала да, ата-ана да, мұғалім де қиналады. Осыған орай министрлік бір жолын ойластыруы керек. Мектепке ерте, балабақшаға кеш болып тұрған балаларға арнап орталық ұйымдастырғаны дұрыс. Сонда ешкім зардап шекпейді», дейді ата-ана.
Шындығында, «Баланы мектепке 6 жастан береміз бе, 7 жас дұрыс па?» деген сұраққа сыңаржақ пікір де, шешім де көп. Оның алғашқысы – әлгінде министрлік өкілі атап өткендей, көп елде 6 жасты қолай көретіні. Екінші тарап 7 жасты дұрыс дейді. Мұны санаулы елдердің тәжірибесінен көре аламыз. Мысалы, білім жүйесі озық саналатын Финляндияда бала 7 жаста, Оңтүстік Кореяда 8 жаста мектепке барады екен. Бұған қатысты түрлі зерттеулер бар. Мұның жөні қайсы екенін әр ел өзінше шешер, бірақ бізде кейбір 6 жасар балалардың не мектептен, не балабақшадан орын таппай екі ортада дамуын жалғастырусыз қалып отырғаны – ақиқат. Өзекті мәселе екені де рас. Демек жібі түзу талдау жасалып, шара қабылдануы қажет-ақ. Ал тиімді шешудің жолы мен жөні қандай екенін атын атап, түсін түстеп көрсетуді көзіқарақты оқырманның өзі мен сақа сарапшылар қауымына қалдырдық.