Суретті түсірген – Тұрар ҚАЗАНҒАПОВ
Жеңіс тұғырына көтерілген отандастарымыздың арасынан үстел теннисшілерін бөле-жара атап өтуге болады. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарының барлығын бас көтертпей ұтқан біздің жігіттер ширек финалда Қатарды қапы қалдырды. Жартылай финалда Түркияны 8:3 есебімен тізе бүктірді. Бас жүлде үшін бәсекеде Иран елінің өкілдері де айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Оларды 8:1 есебімен еңсерді. Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов жекелеген сайыстарда айқын басымдық танытса, жұптық ойында да жеңіс тойын тойлады. Сөйтіп, үстел теннисінен жерлестеріміз Исламиаданың жеңімпазы атанды.
Ауыр атлеттер жарысында Едіге Емберді (79 кг) жұлқып көтеруде үшінші, серпе көтеруде екінші орынды иеленді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 343 (152+191) кг көрсеткішпен қола медальға қол жеткізді. Қандасымыз мысырлық ӘбделрахманЭльсайед пен әзербайжандық Равин Алмаммадовтан ғана қалып қойды.
Жарыстың алғашқы күндері қос қоланы қоржынға салған Айбат Мырзамұратов тағы да олжаға кенелді. Бұл жолы ол 200 метрге брасс әдісімен жүзуде үшінші нәтиже көрсетті. Айбаттың алдын түркиялық Дорук Ёгуртчуоглу мен алжирлік Джауад Сёуд орап кетті.
Ислам ынтымақтастығы ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шыққан тағы бір спортшымыз алтын алып, Алаш жұртын қуанышқа бөледі. Зілтемірші Нұрғиса Әділетұлы жауапты сәтте өзіне осындай зор сенімнің тегін артылмағанын нақты дәлелдеді.
94 кг салмақта сынға түскен Нұрғиса алғашқы жаттығуда 175 кг зілтемірді жұлқып көтеріп, алтын алды. Әлем рекордшысы әрі биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ирандық Алиреза Моейнидің өзін артқа тастады. Серпе көтеруде де сыр бермеді. Сайыстың бұл түрінде ол 210 кг-дық зілтемірді бағындырды. Қоссайыстағы нәтижесі – 385 кг. Сөйтіп, Н.Әділетұлының асқан шеберлігінің арқасында еліміздің қоржынына үш алтын медаль түсті. Тағы бір ауыр атлетіміз Аянат Жұмағали (77 кг) серпе көтеру мен қоссайыста қола медальды еншіледі.
Көп кешікпей каратэшілер қуантты. 84 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Никита Тарнакин жарыс жеңімпазы атанды. Шешуші сында отандасымыз Иорданияның дүлдүлі Мұхаммед Аджафариді ұтты. 60 кг салмақтағы Жоламан Биғабыл жартылай финалда жеңіліс тапқанымен, үшінші орын үшін тартыста БАӘ-нің өкілі Абдалла Хаммадтан басым түсті.
Жүзушілердің 4×100 метрлік кешенді жүзу эстафетасында жерлестеріміз күміс жүлде иеленді. Команданың сапында Әділбек Мусин, Максим Сказобцов, Айбат Мырзамұратов, Глеб Коваленя өнер көрсетті.
Сондай-ақ Өзбекстанның туы астында өнер көрсеткен қандасымыз, боксшы Мадияр Данияров 60 кг салмақ дәрежесінде дара шықты.