Фото: pinterest.com
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, үш жыл бойы бір топ адам Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен ымыраласып, көліктерді бастапқы тіркеу үшін төленетін алымды айналып өтетін қылмыстық схема құрып келген.
Схема ұйымдастырушылары делдалдар арқылы алым төлеуден жалтарғысы келетін көлік иелерін тауып отырған. Заңсыз тіркеуді жасыру үшін автокөліктер жалған тұлғалардың атына рәсімделген.
АХҚО қызметкерлері ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, 132 көлікті заңсыз тіркеуге қойған. Соның салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
Тергеу барысында төленбеген алымдардың бір бөлігі – 273 миллион теңге ерікті түрде өтелді.
Сот кінәлі үш тұлғаны 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған 7 автокөлік тәркіленді.