Алматыдағы Ұлттық орталық музейде оның өмір өрнектерінен сыр шертетін «Қазақ даласындағы Кобзарь: тарих пен тағдыр тоғысы» атты көрме ашылды. Көрмеде Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Түпқараған аудандық филиалының қорынан алынған 160 жәдігер көрермен назарына ұсынылды. Бір басында бірнеше өнер тоғысқан тұлғаның қазақ жерінде дүниеге келген туындыларынан тұратын «Қазақ даласын қылқаламмен асқақтатқан...» және украин халқының ұлттық киімдері, тұрмыстық бұйымдары мен кітаптары қойылған «Украин сүлгілерінің сиқырлы әлемі» атты қос бөлімнен тұратын өнер жәрмеңкесі тарих беттерін қайта шолуға шақырады.
Өнертанушылардың айтуынша, Шевченконың бейнелеу өнеріндегі 350-ге тарта еңбегінің 200-ге жуығы қазақ даласының табиғаты мен тұрмысына арналған. Картиналарға үңіле отырып, оның шығармашылығы – тек суреткерлік шеберлік емес, қазақ халқының тағдырына жанашырлықпен қараған ойлы зерттеушінің еңбегі екенін аңғарасыз.

«1847–1850 жылдары Т.Шевшенко Орынборда, Орскіде және Арал өңірінде, 1850–1857 жылдары Маңғыстау түбегіндегі Новопетровск бекінісінде айдауда болды. Ол сол тұста екі экспедицияға қатысып көптеген суреттер салады. 1848–1849 жылдары Арал экспедициясында жүріп «Даладағы өрт», «Жалғыз ағаш», «Райым бекінісі», «Қосаралдағы шухналар» секілді туындыларын кенепке түсірді. Қаратау экспедициясының құрамына суретші ретінде қатысып, табиғат көріністерін, көне зираттардың бейнесін, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін шығармаларына арқау етті. Оның «Қанға баба», «Долана аңғарындағы түрікмен зираты», «Ақмыш шатқалы», «Шерқалатау», «Айлы түндегі тау көрініс» сынды акварельдері өткен күннен сыр тартады», дейді Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльвира Абланова.

Қазақ пен украин халқының тарихи байланысын жаңа қырынан ашып, дарынды тұлғаның қазақ жеріндегі шығармашылық мұрасын зерделеуге арналған іс-шарада Ұлттық орталық музей директорының міндетін атқарушы Сержан Саров, Алматы қаласындағы Украина мәдени орталығы төрағасының орынбасары Мария Шеремет, Түпқараған ауданының құрметті азаматы, академик Жұмат Тілепов сөз сөйлеп, тұлғалар тағылымы, қос ел достығы тұрғысында ой білдірді.
АЛМАТЫ