Туындыларының басым көпшілігі, бәлкім түгелге жуығы ауыл, ауыл тұрғындары. Қарсы алдымнан жер ошақтың басында отырған, үстіне қамзол киген, жүзінен мейірім төгілген әже бейнесі жарқ етті. Құтты өзімнің әжем тәрізді. Маңдайындағы тарам-тарам әжімдері де ұқсайды екен. Менің әжем де осындай әдемі еді. Ал мынау шетсіз-шексіз дала, көкорайлы шалғын. Суреттен даланың бейнесі ғана емес, ауасын да сезіп тұрғандайсың. Ибрагим Иса ауылда тұрады. Ауылда өсіп-өнген. Бәлкім содан ба екен, ауыл тынысы оң жамбасына келетін тақырып.
Даладағы тарих соқпақтары. Баһадүр бабалар, ел қорғаған ерлік істері.
– Менің бала кезімде ауылда көкірегі қазынаға толған қарттар көп еді. Жинала қалғанда ерлік туралы есіліп әңгіме айтатын. Сол сәтте батырлардың бейнесі көз алдыма келетін. Кейін батырлар жырын жаттап өстік. Бәлкім содан ба екен, осы тақырып менің жұмысымның темірқазығына айналды, – дейді суретшінің өзі, – ілкі замандағы ерлердің ерлік істері қатты қызықтыратын. Кейінгі ұрпақты сурет тілімен тәрбиелеу үшін де жұмыс істеп жүрмін.
Кенептің бетіне халқының қамын ойлаған, жерінің тұтастығы үшін жанын қиған батыр аталарының бейнесін түсіріпті. Шет-шегі жоқ, кең жазира дала. Ауыздығымен алысқан, лиро-эпостық жырларда айтылардай алты айшылық жерді алты-ақ рет аттайтын қазмойын тұлпарлар. Тұлпар үстінде торғай көзді ақ сауыт киген, қылышын көкке білеген апайтөс батырлар.

Тоғызыншы сынып оқып жүрген кезінде ауылға аты аңызға айналған батыр ағасы Рақымжан Қошқарбаев келген. Қызылсая ауылының еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін Рейхстагтың төбесіне атойлатып қызыл ту қадаған хас батырмен кездесуге жиналған. Қиялындағы шалт қимылды, шапшаң мінезді ілкідегі батырларға ұқсатуға тырысқан. Батыр дегенің кеудесі есіктей, балтыры бесіктей, дәу болуға тиісті. Рақымжан аға барынша қарапайым, сыпайы екен. Кеудесін соғып, мен сөйткенмін деп мақтанған да жоқ. Жанға жағымды, самал желдей ескен, тыңдағанның жанын еріксіз баурайтын қоңыр үнмен майдан туралы баяндаған. Өзінен гөрі өзгені көп айтты. Қаруластарының қаһарман ерлігіне сүйсінді.
Міне, сол сәттен бастап болашақ суретшінің майдан тақырыбындағы суреттері салына бастады десе болғандай. Алғашқы суреті «Рейхстаг» деп аталды. Құзғындар ұясының қаусай қираған сәті. Төрткүл дүние тағатсыздана тосқан Жеңістің атойлаған көрінісі. Содан бастап бір әдемі қиял алға қарай жетеледі де отырды. Күні кеше қан майданда туған жерді қорғауға жан алып, жан беріскен абзал ағалардың ерлік жолын сипаттаса. Тұла бойларынан парасат лебі, өрлік пен батырлықтың сорабы айқын аңғарылып тұратын жампоз жауынгерлердің мәңгі өлмес асыл бейнесі кейінгі ұрпақты дәл сондай биік мұраттарға жетелесе, ғанибет емес пе?

Арқалық қаласындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетін бітіріп, жоғары оқу орны басшыларының талабы мен талантынан үміт күтіп, институтта оқытушы болып қалдырған кезінде де баяғы шоқ жұлдыздай шағын ауылда көкірегінде тұтанған мақсат-мұраттың маздаған оты қоламтаның шоғындай қыздырып, шабыттың шырайын шалқыта түскен.
Ибрагим салған суреттер көрермен көңілінен шығатыны анық. Әсіресе майдан тақырыбындағы суреттері. Ауылдас майдангерлердің тұтас галереясын жасап шығыпты.
Көңіл тартарлық көрменің тұсаукесерінде Суретшілер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Юрий Попов, Көкшетау қаласындағы балалар көркемсурет мектебінің директоры Юлия Желобковалар жиналған қауымға әрбір суреттегі мазмұн мен мағынаны тарата айтып, суретшіге табыс тіледі.
Көкшетау