Бокс • 14 Қараша, 2025

Ағайындылар атой салғанда

110 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында ел спорты тарихында бірнеше тарихи оқиға тіркелді. Аталған жарыста ағайынды 24 жастағы Махмұд пен 19 жастағы Төрехан Сабырхан бас жүлдені олжалады. Ағасының бұл екінші атағы болса, інісі алғаш рет осындай биікке көтерілді. Тұманды Альбион елінде Айбек Оралбай да теңдессіз деп танылды. Оның сыңары Нұрбек осыдан екі жыл бұрын Ташкентте қарсылас шақ келтірмеген еді. Олар – 25 жастағы жалындап тұрған жігіттер. Осылайша, қазақтың киелі шаңырағынан әлем чем­пион­дары қос-қостан шығып жатыр. Осындай мерейлі сәтте қазақ спортының тарихына үңіліп, бір әулеттен шыққан чемпиондарды түгендеп шығуды жөн көрдік.

Ағайындылар атой салғанда

Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтек­ұлы­нан тә­лім-тәрбие алған ағай­ын­ды Омаровтар жарқ етіп шық­­қан жарық жұлдыз еді. Махмұт 1947 жылы Мәс­кеу­де өткен КСРО чемпиона­тында қола медальді мойнын­да жарқыратты. Бұл – бокс­шы­ларымыздың Одақ­тың ресми жарысында тұң­ғыш рет жеңіс тұ­ғы­рына көтерілуі. Махмұттың туған інісі – Мақсұт та 1957 жы­лы дәл сол ме­жеден кө­рінді. Арада екі жыл өт­кен соң ол КСРО халықтары Спар­та­­киа­дасында күміспен күптелді. Бұл – жерлестеріміздің Спар­такиада да алған алғашқы жүлдесі. Туған бауырлары – Рәшит пен Ерік спорт шебері деңгейіне жетті. Олар тек мықты боксшы емес, жоғары білімді, парасатты тұлға еді. Қарымды қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың өзі Мақсұтқа «Ол саңлақ спортшы ғана емес, ХХІ ғасырдың бақылау бюро­сынан мінсіз өтетін жоғары интел­лект иесі болған» деп баға берген.

Атағы алысқа жайыл­ған аға­йынды Байшолақов­тар­дың бағын­дыр­маған белесі жоқ. Қанат осы күрес түрін серік еткен жерлес­тері­міздің арасынан алғашқы болып әлем чемпионы атан­ды. Әйгілі бапкерлер – Ди­қан­бай Биткөзов пен Марат Жа­һитовтің шәкірті 1984 жылы Мадридте қарсылас шақ келтірмеді. Көп ұзамай Қанат қарт құрлықтың үздігі деп танылды. Сол тұста даңқты Жаңаарқа самбо мектебінің даңқы дүркіреп тұрды. 1985 жылы Одақ кубогін иеленген Талғат 1987 жылы Еуропа чемпионатының күміс медалін еншіледі. Жанат 1992 жылғы әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеп, Азия чемпионаты мен КСРО кубогінде алдына жан салмады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Жасұлан мен Жандос Байшолақовтар түрлі жарыстың жеңімпазы атанды. Олар спорт шебері нормативін орындады. Сөйтіп, бір әулеттен бес чемпион шықты. Бұл – әлемдік спорт тарихында тым сирек кездесетін жағдай.

Бұл күндері еліміздің кәсіпқой боксын өрге сүйреп жүрген Болат Манкеновтің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. 80-жылдары ол КСРО құрамасы сапында өнер көрсетті. Одақ кубогінде қола ме­дальді иеленіп, бірқатар дү­бірлі додада олжаға кенелді. Інісі Азаттың да қар­қыны күшті. Кезінде айбарлы жігіт 1989 жылы әлем чемпионы атанған Игорь Ружниковтың өзін оңай ұтып жүрген деседі. Ағалы-інілі қос сайыпқыранның на­ғыз кемелденген шағын­да Семейде ОБХСС бас­шы­сының орынбасары қызметін атқарып жүрген әкелері Тоқтарға жала жабылып, ол кісі істі болды. Со­ның кесі­рінен Манкеновтердің төл­құжатына «Шетелге шы­ғуға тыйым салынады» деген мөр басылды. Ал аға­йындылардың арманы – халық­аралық аренада атой салу еді. Ондай мүмкіндіктен айырылғаннан кейін Болат та, Азат та үлкен спортпен қош айтысты.

ХХ ғасырда шаршы алаң­ды шай­қаған ағайындылар арасынан Дәурен мен Данияр Елеусіновтің шоқ­тығы биік. Олардың әкесі  Марат кезінде жақсы боксшы ретінде танылды. Кейіннен бап­кер­лік етіп, қос перзентін осы өнерге баулыды. Ұлдың үлкені Дәурен студенттер арасында әлем чемпионы атанып, бірнеше байрақты бәсекеде бас жүлдені олжалады. Артынша ол кә­сіпқой рингте бақ сы­науға бел буды. Данияр ағасынан да асып түсті. Ол – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы және күміс жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық біріншілігін екі рет ұтты.

2013 жылы Мерей Ақ­ша­­лов­тың жұлдызы жар­қы­рай жанды. 60 кг сал­мақ­та жұдырықтасқан 25 жастағы Семей өңірінің тумасы Алматыда әлем чемпио­ны, Амманда Азия чем­пионы атанды. Оның тең­дес­сіз өнеріне тамсанған жанкүйерлер Ақшаловтың әлі талай додада дара талантымен оқшауланатынына кәміл сенді. Бірақ көру қабілеті нашарлауы салдарынан атақты боксшы нағыз жалындап тұрған шағында былғары қолғабын шегеге ілді. Көп кешікпей Мерейдің туған інісі Мейірім Нұрсұлтанов жарқырай көріне бастады. Дәл сол салмақ дәре­же­сінде ол жастар арасындағы Азия бі­рін­шілігінде бас жүлдені ен­шіледі. Салмағы ауырлай келе Дүние­жүзілік бокс сериясының (WSB) же­ңім­пазы атанды. 2016 жылы Мейірім кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Бұл ретте қазақ жігі­тінің жолы болды. Осы күнге дейін 20 жекпе-жек өткізіп, бар­лығында же­ңіске жеткен ол 11 бә­секеде айқын ба­­сымдық танытты. Бұл күндері орта сал­мақта жұдырықтасып жүрген М.Нұрсұлтанов WBC нұсқасының чем­пиондық белбеуінен басты үміт­кер.

Қазақ күресінің қас шеберлері – Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіра­за­қов­тың да жағдайы дәл сондай. Тектері бөлек болағанымен, олар бір үйдің баласы. Ұлан – «Қазақстан барысы» атанған түңғыш балуан. Руслан – аталған жобаның бірнеше дүркін жүлдегері, әлем чемпионы. Екеуі де Азия чемпио­наттарында алдына жан салмай, түрлі маңызды жарыс пен тойда түйе балуан атанып, біраз «темір тұлпарды» тізгіндеген.

Париж Олимпиадасының қола, Будапештегі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғыз­баев­тың сы­ңары Ғұмардың да есімі елге танымал. Ол дзюдодан ел чемпионы, қа­зақ күресінен халықаралық дә­ре­жедегі спорт ше­бері. Олардың ал­дында Айман мен Шолпан Қалиева­лардың қарқыны күшті болды. Олар да егіздер. Шолпан Азия ойындары мен құрлық чемпионатында қола медаль иеленіп, Бейжің Олимпиадасында бесінші орынға табан тіреді. Айман да бірнеше жыл бойы ұлттық команданың сапында болып, талай халықаралық турнирде топ жарды.

Футболшылар Сейілдә мен Сейіт­жан Байшақов, бокс­шылар Талғат пен Бауыр­жан Бердібеков (егіз), Қанат пен Мұрат Сиқымбаев (егіз), Серік пен Берік Елеуов (егіз), Жанат пен Азамат Жақиянов (егіз), Саматәлі мен Санатәлі Төлтаев (егіз), грек-рим күресі шеберлері Дәурен мен Дархан Баяхметов (ағайынды), Қор­лан мен Бағлан Жақанша (егіз), Ернұр мен Ернар Фи­дах­метов (егіз), әйелдер күресі өкілдері Жәмила мен Мәдина Бақбергенова (егіз), кикбокс­шылар Әлия, Ардақ, Назгүл, Наргүл Боранбаева (апалы-сіңілі), аралас жекпе-жек шеберлері Ардақ пен Бей­біт Назаров (ағайынды), Шав­қат пен Сора Рахмонова (ағасы мен қарындасы), джиу-джитсудың арландары Ерлан мен Нұрлан Тілеуім­бетов (ағайынды), шах­мат­шы Гүлнәр мен Елвира Сахатова (апалы-сіңілі), теннисші Олжас пен Диас Досқараев (ағайынды), жеңіл атлеттер Айман мен Шолпан Қожахметова (егіз) сынды қандастарымыздың барлығының да ел спорты тарихында өз орны бар.

Сол секілді жақын туыс­тар арасында екі түрлі спорт­ты таңдағандар да кез­деседі. Мәселен, бессайыс­тан КСРО халықтары Спар­та­киадасының қола жүл­дегері Борис Сәриевтің туған қарындасы Ғалия Сәрие­ва садақ атудан бірнеше рес­пуб­ликалық рекордты жа­ңартты. Бокстан Атланта Олим­пиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетовті біл­мейтін жан­күйер кемде-кем шығар. Өткен ғасыр­дың 90-жылдарында оның тегеурініне төтеп беретін қарсылас аз еді. Сол гүрзі жұдырықты жігіттің туған інісі Азамат 1995–2000 жылдар аралығында футболдан Қазақстанның олимпиялық және ұлттық құрама ко­ман­дасының сапында өрелі өнерімен көрермен көзай­ымына айналды. Азия чем­­пио­натының күміс жүл­дегері, кезінде даңқты Серік Сәпиевке сан соқтырған Рустам Сыбаевтың өзінен үш жас кіші бауыры Рустем аға­сының жолын қумай, ауыр атлетиканы таң­дады. Бұл ретте ол несібесіз емес. Рүстем Сыбайдың Азия чем­пионы, Дүниежүзілік уни­вер­сиаданың күміс және Дүниежүзілік жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері деген атағы бар.

Міне, халықаралық аренада қазақ спор­тының намысын абыроймен қорғап, ел мерейін өсірген егіз, ағайынды мен апалы-сіңілі осылар. Бұл тізімге кейбіреулер енбей қалса, өкпеге бұйырмас. Осы орайда біз дәл қазір еске түскен спортшылардың ғана есімдерін атадық.

Соңғы жаңалықтар

СҚО-да қазақ тілді балабақша тапшы

Аймақтар • 14 Қараша, 2025

Астанада ет жәрмеңесі өтеді

Елорда • 14 Қараша, 2025