Сурет: instagram.com/sportschool2pavlodar/
Амангелді ақсақал – аңызға айналған тұлға. Биыл 85 жасқа аяқ басқан ардагер кеңес өкіметі тұсында еркін күрестің шебері атанып, талай мәрте байрақты додаларда топ жарған. Спортшы әкесінен ерте айырылған. Әкесі 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен соң, балалар үйінде тәрбиеленеді. Онда өзі қатарлас балалармен жұлысып жүріп, күрестің негізгі тәсілдерін алғашқы мұғалімдерінен үйрене бастайды. Кейін Павлодар қаласына келіп, жоғары спорттық білім алады. Спорттағы өрлеу жолын облыста бастаған ағамыз шеберлігінің арқасында республикаға танылып, ел спортының тарихында өшпес із қалдырды. 1959 жылы облыстар арасында өткен аламанда жартылай ауыр салмақта сынға түсіп, финалда атақты Әбілсейіт Айхановпен белдескен. Сол бәсекеде Павлодар облысының пайдасына күміс жүлдені олжалайды.
– Кезінде «Қайрат» спорт қоғамының мүшесі бола жүріп, жартылай ауыр салмақта облыста бірінші болдым, тың өлкелері арасындағы жарыста чемпион атандым. Кейін республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, 1961–1962 жылдары одақтық жарыстарға қатыстым. Қазақ жастары арасында еркін күрестен тұңғыш спорт шебері атағын алдым. Көп жылдар шәкірт тәрбиелеумен айналыстым. Олардың арасында еркін күрестен облысқа танымал спортшы Серік Серғазин, кезінде спорт ардагерлері арасында әлем чемпионы атанған Омар Жанарғалиев, өңірдің құрметті бапкері Оразалы Мұхаметәлінов, Олимпиада жүлдегері Дәулет Шабанбай, тағы басқаларын атап өтуіме болады, – дейді ардагер.
– Еркін күрес биылдан бастап Ертіс-Баян өңірінде басымдық берілген спорт түрлері қатарына еніп отыр. Енді қаржыландыру жағы ұлғаяды деген сенімдеміз. Облыс көлемінде еркін күреспен шұғылданатын балалар саны 4 мыңның үстінде. Барлық аудан-қалада еркін күрес секциялары жұмыс істеп тұр, – дейді еркін күрестен облыстың аға бапкері, жарыстың бас төрешісі Ермырза Сыздықов.
Жалпы, өңірлердегі спорт мектептерінде жаттығатындардың дені ауыл балалары. Мұндай өңірлік ашық бәсекелер арқылы жасөспірімдердің арасынан мықтылары іріктеледі. Бәсеке соңында Амангелді ақсақал турнир келешекте республикалық деңгейге көтерілсе деген тілегін жеткізді.
ПАВЛОДАР