Қазір елімізде әскери техникалық мамандықтарға сұраныс күннен-күнге артып келеді. Биыл қаңтар-тамыз айында техникалық біліммен қаруланған сарбаздарға арналған оқу орындарына 4 мыңға жуық өтініш түскен, оның ішінде 1 700-ден астамы қабылданып, кәсіби дайындықты бастады. Бұл мемлекеттік бағдарлама ғана емес, ел қауіпсіздігіне тікелей үлес қосу мақсатындағы маңызды қадам. Мәселен, техникалық мамандықтарға қатысты еңбек нарығы да өзекті. Елімізде техникалық дипломы бар мамандарға сұраныс күн сайын артып келеді, олар кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қатарына кіреді. Жеке бастамалар мен мемлекеттік қолдау арқасында, әскери техникалық мамандықтардағы кадр тапшылығы біртіндеп қысқарғаны байқалады. Бұл деректер сарбаздар мен сержанттардың қарапайым еңбек арқылы ел қауіпсіздігін нығайтып отырғанын нақты көрсетеді. Әр детальді жөндеу, әр агрегатты тексеру көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмыс. Мұндай еңбек елдің қорғаныс қабілетінің тірегі болып отыр.
Қазіргі заманға сай әскери күштің тиімділігін арттыратын маңызды салалардың бірі – әскери техникалық мамандықтар. Бұл саланы игеру кәсіби дамуға ғана емес, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға да септігін тигізері сөзсіз. Сарбаздар сапында жүрген азаматтар әскери техникалық білімді игеру арқылы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Сондай білікті мамандардың бірі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 32388 әскери бөлімінің күрделі аппараттарды жөндейтін маманы – сержант Бекжан Бекбосынов.
Семей қаласындағы Көлік колледжінде техник-механик мамандығын алған Б.Бекбосынов 2012 жылдан бері аталған әскери бөлімде қызмет етіп келеді. Бекжан кейінгі бірнеше жылдан бері техникалардың маңызды агрегаты саналатын жоғары қысымдағы жанармай сорғысын, аппаратураларды жөндеумен айналысатын бірден-бір маман. Жөндеу жұмыстарын жетік меңгеру мақсатында Семейдегі танк жөндеу зауытында білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдады.
– Әр аппаратураның зауыттан шыққан кездегі өзіндік параметрлері болады. Сол параметрлерге сай тексеріп, арнайы құрылғыда ретке келтіреміз. Жоғары қысымдағы жанармай сорғыларын бос күйінде, орташа салмақпен сынау арқылы олардың жұмыс қабілетін анықтаймыз. Қарапайым, көзге көрінбейтіндей болғанымен, әр детальдің өзіндік машақаты бар. Кейде бірнеше сағат бойы бір бөлшекті дұрыс күйге келтіру керек болады. Бұл тек техникалық жұмыс емес, елдің қауіпсіздігіне қосқан үлес. Әскери техниканы сенімді күйде ұстай білу – біздің басты міндетіміз. Алған біліміміз бен дағдымыз арқылы техника дұрыс жұмыс істеп қана қоймай, сарбаздардың өмірін де қорғайтынына сенемін, – дейді ол.
Қазіргі инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған елімізге кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар аса қажет. Бұл – уақыт талабы.
– Басты мақсатымыз – әскери техникалық мамандардың кәсіби деңгейін ұдайы арттырып отыру. Бұл ретте бөлімде барлық жағдай жасалған. Заманауи оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз етілген, түрлі жаттығулар, практикалық сабақтар, арнайы семинарлар тұрақты өткізіледі. Биылғы оқу жылында сарбаздар әр агрегатты жөндеудің күрделі кезеңдерін үйреніп, дағдыларын шыңдады. Кәсіби біліктілігі жоғары маман – кез келген жағдайда сұранысқа ие. Бізге тек техниканы жөндеу емес, сарбаздардың өмірін қорғау, бөлімнің дайындық деңгейін арттыру маңызды. Сондықтан әрбір әскери техникалық маман өз білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіруге тиіс, – дейді 32388 әскери бөлімінің автомобиль техникаларын жөндеу ротасының рота командирі, аға лейтенант Ахан Жүнісәлиев.
Жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру мақсатында өткізілетін іс-шараның бірі – әскерилерді мамандық бойынша оқыту. Бұл ұдайы басты назарда тұратын мәселе. Оқу барысында әскери қызметшілер мамандыққа сай алған білімдерін талмай шыңдап, пысықтай түседі.
Бекжан техникаға ғана емес, жұмысына деген адалдығымен де үлгі. Күн сайын қажырлы еңбекпен айналысып, күрделі агрегаттарды жөндесе де, ешқашан өзін ерекше маманмын деп санамайды. Қарапайым еңбек адамы деген осы шығар, расында. Оның айтуынша, ең бастысы – әр детальдің дұрыс жұмыс істеуі, техниканың сенімді болуы. Сол қарапайым, жауапты еңбегі арқылы елдің қорғанысын нығайтады. Шынайы ерлік – көзге көрінбейтін, бірақ маңызды жұмысты адал орындау.
Жалпы, әскери техникалық мамандықтар техникалық білім мен дағдыларды талап ететін күрделі кәсіп. Бұл мамандықтар әскери күштердің тиімділігін арттыру, заманауи әскери техниканы пайдалану, оны жөндеу, сондай-ақ әскери операцияларды жоспарлау немесе оны жүзеге асыру барысында аса қажет, күрделі сала.
Абай облысы