Ақынның әр жылдары «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» атты өлеңдер жинағы жарық көріп, оқырманнан лайықты бағасын алған. Әр кезеңде Күләш ақын туралы Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев сияқты әйгілі тұлғалар жоғары пікір білдірген.
Күләш Ахметова 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.
Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. 2021 жылы Күләш Ахметованың бес томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартты.
«Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған ардақты ақын соңғы жылдары Тараз қаласында тұрды.