Өшпес даңқ • Бүгін, 08:02

Днепрде ерлік көрсеткен қаһарман

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Мен өзім – қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын қан майданда көзіммен көрдім», дейтін батыр Бауыржан Момышұлы атамның сөзі бар еді. Бүгін дәл сондай саңлақ ердің бірін айтқалы отырмыз.

Днепрде ерлік көрсеткен қаһарман

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Екінші дүниежүзілік со­ғыстың қазақ даласын да айналып өтпегені та­рихтан белгілі. Сол кезде отан үшін от кешкен бабаларымыз­дың қатарында ерлік көрсетіп, есімі аңызға айналған тұлғалар аз болған жоқ. Бауыржан Момыш­ұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қош­қарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Ыбырайым Сүлейменов секілді қаһарман ерлерді көптеп атауға болады. Осындай ұрпақтар жадында мәңгі дәріптеуге лайықты есімдердің бірі – Кеңес Одағының батыры атанған әйгілі жерлесіміз Қойгелді Аухадиев.

1907 жылы Көкпекті ауда­ны­ның Өрнек ауылында дүниеге келген ол 1942 жылдың маусым айында әскер қатарына алы­­­нады. Батыр жайында ай­тыл­ған деректерге сүйенсек, Қ.Ауха­диев сұрапыл соғыс жылда­рын­да Орталық майданның 13-ар­миясына қарасты 6-гвар­дия­лық атқыштар дивизиясы­­­ның құ­ра­мындағы атқыштар пол­­кі­­­нің танкіге қарсы зеңбірек­ші­лер­ то­бының командирі болған. ­Же­ңіс жалауын желбіретуге ба­рын салған батыр 1943 жылы ­­23-24­ қыркүйекте болған шайқаста ер­­­­лі­гімен көзге түскендігі жайында мұ­рағаттық деректерде, Екінші дү­­­ниежүзілік соғыс тарихына қа­тыс­ты кітаптарда да көптеп айты­ла­ды.

Қазақ командирінің қарулас жауынгерлерімен бірге Украина жеріндегі Днепр өзені үшін шай­қас­тағы ерлігі ерекше бол­ғаны кү­ні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпақ­­қа қаһармандықтың айқын үл­гісі болып айтылып келеді. Го­мель облысы, Брагин ауданы, Ниж­­ные Жары ауылы маңын­да Аухадиевтің зеңбірекшілер то­бы неміс басқыншыларының бір­неше танкісін жойып, қару-жа­рақ тиелген техникаларын тал­­қандап жібереді. Тұла бойын жау­ға қарсы кек кернеген Қой­гелді Аухадиевтің Днепрдің арғы жағалауына бірінші болып өтіп, кеңес әскерінің кедергісіз басым күшпен жеңіске жетуіне жол ашты. Осы шайқас туралы тарихи деректерде айтылғанындай, Аухадиевтің жауынгерлік ерлі­гімен жаудың 3 қираған және 2 өр­тенген танкісі, 3 оқ-дәрі тиел­ген жүк машинасы, 2 «Фер­динанц» өздігінен жүретін зеңбірегі және ­5 станокты пулеметі істен шық­қан. Қойгелді батырдың жал­ғыз өзі-ақ 1 неміс офицері мен 24 сол­да­тының көзін жойғанын әйгі­лейтін деректер баршылық. Осын­дай есімі ұрпағына ұран бол­ған батыр 1943 жылы 29 қыр­күйек­тегі сұрапыл шайқаста 36 жасын­да қаза тапты. Киев облысы, Чер­нобыль ауданы, Паришев ауылын­да бауырлас­тар зиратына жерленген екен. Өкі­нішке қарай, ядорлық жа­рылыс салдарынан ол жер­­ге ешкім бара алмайтын кө­рінеді.

Днепрден өткенде көр­сет­кен қаһармандық ерлігі үшін Қ.Аухадиевке КСРО Жоға­рғы кеңесі төралқасының жарлы­ғы­мен (16.10.1943) Кеңес Одағы­ның батыры атағы берілді. Бұдан өзге «Алтын Жұлдыз» медалі­мен, «Ленин» орденімен мара­патталған.

Бүгінде батыр есімі туған же­рінде ерекше ардақталады. Аудан орта­лығы Көкпекті ауылындағы көшеге есімі берілген. Теректі ауылындағы білім ошағы Қ.Ауха­диев атындағы орта мектеп болып аталады. Осы ауылда ес­керткіші де берік тұғырға қонған. Ал Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылына жолыңыз түссе, батырдың мүсінін көре аласыз. Ал батырдың ұрпақтары ұлы Тұрсынхан Қойгелдіұлын, Ержан, Бақытжан Қойгелдинді, Дәурен Бақытжанұлын халық Абай өңірінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, жауапты қызмет етіп жүрген туған жердің перзенттері деп жақсы таниды.

Биыл қан майданда жанын қиған боздақ­тары­мыздың ерліктері дәріптелетін Жеңіске 80 жыл толды. Дәл сол жылы дүниеге келген ұрпақ буынының өзі – қазына­лы қарт­тарымыздың қатарында. Дегенмен бүгінгі ел бірлігінің іргетасын бекіткен бейбіт күн­дердің жалғасы үшін бабалар ерлігін қашанда насихаттап отыруға тиіспіз. Әсіресе облыс орталығынан бір көшенің атауы бұйырса дейді батырдың ерлігін ұмытпаған жұртшылық.

 

Абай облысы