Аймақтар • Бүгін, 08:38

Мақаншыдағы оң өзгеріс

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мақаншы – елдің шетінде, желдің өтінде тұрғанымен, еліміздің ең берік шебі, туристік, транзиттік, кедендік, экономикалық маңызы бар аудан. Бір кездері таратылып кеткен аудан бүгінде қайта түлеп келеді. Президент бастамасымен Мақаншының тарихи мәртебесі қайтарылып, тыныс-тіршілігіне қан жүгіре бастады.

Мақаншыдағы оң өзгеріс

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түр­кістан төрінде өткен Ұлттық құрыл­тайда: «Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту», деген еді. Осы орайда Абай облысындағы Мақаншы ауданының жөні бөлек. Өңірдің экономикалық өсуі, халықтың тұрақтануы аса маңызды.  Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Мақаншы ауданының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған­да 147,3%-ға артқан. Бұл өсім аудан­ның тұрақты дамуын, инвестиция­лық тартымдылығының артып келе жатқанын айғақтайды. Бұл жөнінде Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баян­дады.

– Ауданда бірқатар ірі инвестиция­лық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бақты ауылында көлік-логистикалық хабтың құрылысы басталды. «Di-Nur Company» ЖШС жалпы құны 7 млрд теңге болатын май өндіру, құрама жем зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Qazaq Oil», «Royal Petrol», «Лукойл» компаниялары жанар-жағармай құю стансаларын салды. Бұған қоса Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Бақты – Аягөз» теміржолы мен «Бақты» өткізу бекетін жаңғырту жобалары ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, экономикалық серпін берері сөзсіз, – дейді аудан әкімі.

Аудандағы құрылыс саласында да оң нәтиже байқалады. Пайдалануға беріл­ген тұрғын үй көлемі 7 379 шаршы метр­ге жеткен. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 59 жеке үйдің (118 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр.

– Жол және инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыс атқарылады. 1 млрд 755 млн теңге қаржыға 41 шақы­рым жол жөндеу жұмысы жүргізіледі. Атап айтқанда, Мақаншы, Көктерек, Қызылбұлақ, Келдімұрат, Қаратұма, Бақты ауылдарының көшелерінде орташа жөндеу жұмысы қолға алынған. Мақаншы ауылындағы Жеңіс саябағы мен Қабанбай батыр ескерткіші маңында демалыс аймақтары жаңғыртылып, көше жарықтандыру жүйелері орнатылды. Бұл іс-шаралар ауданның келбетін жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, – дейді аудан әкімі.

Әкімнің мәліметінше, халықтың көп демалатын орындарының бірі – Алакөлде жылдан-жылға демалушылар саны артып келеді. Бірнеше жылдан қордаланып қалған проб­лемаларды шешу, туристерге сапалы қыз­мет көрсету мақсатында облыстық бюджеттен жөн­деу жұмыстарына 87,1 млн, жағалауды абаттандыру жұмыс­тарына 86,0 млн, жағалауға 7 пирс, 7 құтқа­ру мұнарасын, 5 шақырым жаға­лауға түрлі-түсті қалқыма орнатуға 37,2 млн, жаңадан қоғамдық кеңістік орнатуға 165,8 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жасалған.

Аудан әкімінен Алакөлдегі кәріз жүйесін, Барлық арасанының жанын­дағы демалыс сауықтыру орынының жайын, Бақты ауылындағы апатты жағ­дайда деп танылған мектептің ахуалын сұрап білдік. Әкім өз сөзінде Алакөлдегі кәріз жүйесін орнату мәселесі қолға алынғанын, сол секілді Барлық арасанында қайта қалпына келтіруге байланысты жұмыс жүріп жатқанын айтты. Бақты ауылындағы мектеп жөндеуден өткен, қазір алаңдауға негіз жоқ.

 

Абай облысы