Қаржы • Бүгін, 07:32

Балқаш әуежайын жаңғыртуға қаржы бөлінді

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет Мемлекет басшысының өңірлік көлік хабтарын дамыту мен әуе қатынасы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Балқаш қаласының әуежайын реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 945 млн теңге бөлді.

Балқаш әуежайын жаңғыртуға қаржы бөлінді

Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Нысанды реконструкциялау жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, әуе айлағының негізгі параметрлерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Оның өткізу қабілеті 30%-дан астамға артады.

Қазір жұмыстардың едәуір көлемі орындалған. Атап айтқанда, әуежайдың негізгі ғимараты мен қосалқы нысандарының шатыры жөнделіп, терезелер орнатылып, кәріз жүйесі мен су құбырының негізгі желісі жаңартылды. Сондай-ақ кәріз-сорғы стансасы, трансформаторлық қосалқы станса, желдету мен жылыту жүйелері орнатылды.

Сонымен қатар әуежай қызметін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қажетті арнайы аэродром техникасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде аэродромдық өрт сөндіру көлігі, жылжымалы трап, шағын автобус пен әуежайға арналған жанармай құю көлігі сатып алынған.

Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында елімізде авиациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту маңызды. Ол Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде тағы басқа да ірі қалалардағы жетекші әуежайларды мультимодальды хабтарға айналдыру үшін ауқымды жаңғырту жұмыстарын қамтиды. Сонымен қатар негізгі туристік аймақтарда (Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі) әуежайлар салу мен өңірлік әуе айлақтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді.