Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Бакудің жаңа мәртебесінің маңызы
Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылған Орталық Азия мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуіне биыл Әзербайжан толыққанды мүше ретінде қатысты. Яғни Әзербайжан тең құқылы мүшесі атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Сондай-ақ Бакудің жаңа мәртебесі аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім артты.
Осынау жаңалықты саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті.
– Құрметті Ильхам Гейдаровичті бұл іс-шарға Орталық Азия мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі ретінде қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Шын мәнінде, біз Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасында берік көпір құрып, ынтымақтастықтың ортақ кеңістігін қалыптастыруға жол ашамыз. Бұл екі өңірдің стратегиялық өзара байланысын және тұрақтылығын нығайта түсері сөзсіз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжан мемлекеттерінің басшылары, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысқан Консультативтік кездесуде аймақ қауіпсіздігі, көлік-логистика және Орталық Азияның сыртқы саясатына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Жабық шекара мен оқшаулану уақыты өтті
Кездесуде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айта келе, Орталық Азия мемлекет басшыларының Консультативтік кездесулері өз тиімділігін дәлелдегенін атап өтті.
– Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарға тоқталды.
– Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде, былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 млрд долларға жетті. Көрсеткішті 20 млрд долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы перспективті салаларда серпінді жобаны бірлесе іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыту арқылы бұл бағытта тиімді жұмыс атқаруға дайын. Сонымен қатар заманауи қоймалар, логистикалық орталықтар салу, ішкі нарыққа және экспортқа арналған дайын тағам өнімдерін өндіру бағыттарының келешегі зор. Халықаралық аренадағы өзгерістер кезеңінде Орталық Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға бірегей мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы елдеріміз тек келісімді әрі үйлесімді әрекет еткенде ғана аймақтың әлеуеті толық ашылатынына сенімді.
– Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу мәселесін қарастырған жөн. Аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз. Шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы кең мүмкіндікке жол ашады. Оны дамыту аясында жоғары технологиялық жобаларды іске қосуға баса назар аударған жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар назарын сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ықпалдастық келешегіне аударды.
– Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану нәтижесінде пайда болатын мүмкіндіктерге тоқталған Президент бұл саладағы серіктестікті одан әрі дамыту үшін аталған технологияны қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеуді, Орталық Азия мемлекеттерінде ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану туралы декларацияның жобасын дайындауды ұсынды. Құжат бірлескен цифрлық жобалар аясында мәлімет алмасқан кезде ашықтықты, сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, барлық қатысушының құқығы қорғалатынына кепіл болады.
Су қауіпсіздігі – өзекті мәселе
Бұл орайда Орталық Азия елдері кейінгі бес жылда су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Қазақстан Президенті су мәселелерінің трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегияны үйлестіру маңызды деп санайтынын айтты.
– Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекет басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық қолөнерді насихаттау және тұрақты түрде бірлескен іс-шара ұйымдастырудың маңызына назар аударды. Кинематография саласында, сондай-ақ заманауи туристік кластерлер құру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы Ұлы Жібек жолының мұрасын дәріптеуде біршама іс тындыруға болады.
– Осы салада барынша белсенді әрекет етіп, туризм саясатын өзара тиімді үйлестіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Бұған дейін бүкіл өңірге ортақ туристік бағдарларды дамыту туралы ұсыныс айтылған еді. Біз мұндай бастамаларды қолдаймыз. Бұдан бөлек, Орталық Азияның біртұтас туристік брендін ілгерілетуде пәрменді шаралар қабылдауды ұсынамыз. Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және Орталық Азия елдерінің бірыңғай туристік кеңістігін қалыптастыру аталған саладағы байланыстарымызды жандандыруға құқықтық негіз бола алады, – деді Президент.
Әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің мәні зор. Бұл ретте Президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдіріп, бұл мәмілелерді маңызды қадам ретінде бағалады. Бұдан бөлек, жақында Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуын елеулі шешім деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс. Сөзінің соңында Президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі жетілдіру мәселесіне тоқталды.
– Ұлттық үйлестірушілер кеңесі бекітілгеннен бері бұл алаң тиімділігін көрсетті. Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Ол уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың стратегиялық векторларын әзірлеумен айналысуы керек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы форматтың институционалдық негізін күшейтуге қатысты ұсынысын қуаттаймын. Бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде талқылап, тиісті бастамаларды бекітуге болады деп ойлаймын. Орталық Азия сараптамалық форумын өңірлік ықпалдастық жүйесіне қосуды ұсынамын. Соның нәтижесінде форум зерттеу жүргізетін және бірыңғай тәсілдер қалыптастыратын негізгі платформаға айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.
Өңірлік қоғамдастық құру ұсынылды
Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.
Шавкат Мирзиёев кездесудің форматына өзгеріс енгізіп, оның беделін арттыру қажеттігін айтты.
– Біздің кездесулерімізді өңірлік диалог деңгейінен Орталық Азия қоғамдастығының стратегиялық форматы дәрежесіне көтеретін уақыт келді. Осыған байланысты оның институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерінің нақты мәселелерін зерделейтін консультативтік кездесулер туралы ереже әзірлеуді ұсынамыз. Ротациялық негізде жұмыс істейтін хатшылық құрылсын. Ұлттық үйлестірушілердің мәртебесін президенттердің арнайы өкілдері деңгейіне көтеру қажет, – деді Өзбекстан басшысы.
Сондай-ақ Шавкат Мирзиёев ортақ құндылықтар мен халықтық дипломатия дәстүрлеріне сүйене отырып, бай өмірлік тәжірибеге ие қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды. Оның ойынша, бұл бастама ұрпақтар арасындағы байланысты тереңдетуге, жалпы өңірлік ынтымақтастық пен бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді.
Ал Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон аймақтағы көлік дәліздерін дамытуға назар аудару керектігін мәлімдеді.
– Транзиттік маршруттарға деген сұраныстың артқан кезеңінде біздің аймақ көлік және логистикалық байланыстардың стратегиялық торабына айналып жатыр. Көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды интеграциялау және логистикалық үдерістерді цифрландыру арқылы осы саладағы ынтымақтастықты жүйелі жолға қою қажет. Сондай-ақ теміржол, әуе және аралас тасымал бағытындағы мүмкіндікті ұтымды пайдалану орынды. Бұл жүк тасымалын ұлғайту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы ретте Орталық Азияның ортақ көлік-логистикалық кеңістігін қалыптастыруды ұсынамыз, – деді Эмомали Рахмон.
Консультативтік кездесуде Президенттер Орталық Азия мемлекет басшыларының VII Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемесіне, Орталық Азия мемлекет басшыларының 2027–2028 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қырғыз Республикасының кандидатурасын ұсыну бойынша БҰҰ-ға мүше елдерге үндеуіне қол қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне сәйкес өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы, қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алудың 2026–2028 жылдарға арналған тізбесі қабылданды.
Халықаралық сыйлық тапсырылды
Осынау жиыннан бір күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекет басшыларымен бірге Ислам өркениеті орталығына барды.
Сондай-ақ «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, бұл сыйлық дәстүрді жаңғыртуға, өнерді дамытуға, сондай-ақ ұлттық рухани мұраны насихаттауға елеулі үлес қосқан мәдениет қайраткерлеріне беріледі.
Халықаралық сыйлыққа ие болғандар қатарында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Еркебұлан Дайыров бар. Ол «Театр және кино» аталымы бойынша «Келешек мұрасы» сыйлығының лауреаты атанды.
Астана – Ташкент – Астана