Пікір • Бүгін, 09:03

Сауданы дамытуға оң серпін береді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде қазақ пен өзбек бауырлас халықтар, ежелден еншісі бір тату көршілер екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы өзара сауданы дамытуға соны серпін беретініне тоқталды.

Сауданы дамытуға оң серпін береді

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын (ХӨКО) құру жөніндегі Жол картасын іске асыру бойынша Түркістан облысы­ның әкімдігімен ауқымды жұмыс­тар жүргізіліп келеді. Орталықта 7 әлеуетті инвестор өз жобасын жүзеге асыруға қызығушы­лық танытып отыр. Нәтижесінде, 123 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Бюджетке қосымша 355 млн теңге салық түседі. Орталықты инвестициялық жобалармен толтыру мақсатында әкімдік 8 да­йын өндіріс ғимаратын салу жұ­мы­сын жүргізуде. Қазір­гі таңда 5 ғимараттың құры­лыс жұмысы толығымен аяқталып, 3 ғимараттың сэндвич-панель­дер­ді монтаждау жұмыстарын қара­ша айының соңында толық аяқтау көзделген.

Сондай-ақ көрші елмен қарым-қатынасты нығайту, аймақ­аралық әріптестікті кеңейту, туризм саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжіри­бе алмасу мақсатында жуырда түркі­стандық делегация Өзбек­стан­ның бірқатар қаласында болып қайты. Түркістанда жыл сайын 3 млн-нан аса жолаушыға қызмет көр­сететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Әуе қатынасын дамы­ту мақсатында біз жеңілдігі бар арнайы бағдарлама әзірледік. Орталық Азияның ежелгі рухани орталықтары арасындағы тұрақты әуе рейстері трансшекаралық туризмді дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасын­дағы ынтымақтастықты кеңейту­ге қосымша серпін береді. Соны­мен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында инвесторлармен бірқатар келісімге қол жеткізілді.

 

Нұралхан КӨШЕРОВ,

Түркістан облысының әкімі