Төтенше жағдай • Бүгін, 10:06

Түркістанда жеке тұрғын үй өртенді: 12 адам мерт болды, оның 9-ы бала

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Оның 9-ы бала, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда жеке тұрғын үй өртенді: 12 адам мерт болды, оның 9-ы бала

Фото: Ашық дереккөз

Өрт сөндіру бригадасы келгенде, үйдің толығымен жалынға оранғаны анықталды. Қызыл жалын 360 шаршы метрді шарпыған.

Құтқарушылардың айтуынша, өртті  сөндіру кезінде үйден ес-түссіз үш адам эвакуацияланып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, он екі мәйіт табылды.

Қазіргі таңда өрттің себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары басталып, қылмыстық іс қозғалды.

Қайғылы оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

«Түркістан облысы Жетісу ауданы Алғабас ауылында өрт салдарынан 9 бала қаза болды. Аталған үйде екі отбасы, ата-аналары мен балалары тұрған. Үйден өрт шығып, шатыры опырылып түскен. Өңірлік уәкіл Психологиялық қолдау орталығы мамандарымен бірге оқиға орнына шықты. Өрттің шығу себебі мен мән-жайы тергеліп жатыр. Қаза болғандардың туыстарына көңіл айтамыз», деп жазды Зәкиева.

Бұған дейін, Мемлекет басшысы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтқан еді.