Қоғам • Кеше

Уақыт қысқарып, қауіпсіздік артады: «Ұзынағаш – Отар» тасжолы пайдалануға берілді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында 42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» жолының құрылысы, магистралді жаңарту толығымен аяқталды. Енді Алматыдан Шымкентке дейінгі жол толық төрт жолақты болды, деп жазады Egemen.kz.

Уақыт қысқарып, қауіпсіздік артады: «Ұзынағаш – Отар» тасжолы пайдалануға берілді

 

Жолдың ашылу рәсімінде қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жол арқылы алғашқы болып 15 көліктен тұратын автоколонна салтанатпен жүріп өтті.

«Биыл біз ел бойынша 13 мың шақырым жолда жөндеу мен қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы рекордтық нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – Мемлекет басшысының қолдауы мен жол саласы қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген ерен еңбегінің арқасы. Олар азаматтар үшін қауіпсіз, әрі ыңғайлы жолдар салып, өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр», деді іс-шара барысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Бұған қоса, жолды ашу салтанатының аясында жобаны іске асыруға ерекше үлес қосқан жұмысшылар марапатталды. Оларға ведомстволық медальдар, Алғыс хаттар мен Көлік министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.

Жаңа ашылған «Ұзынағаш – Отар» күре жолында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылы басталып, небәрі екі жылда толық аяқталды. Жобаға 163 бірлік техника, 290 маман жұмылдырылып, екі асфальт-бетон зауыты мен төрт жол-құрылыс басқармасы жұмыс істеді.

42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» тасжолының ашылуы магистральдің өткізу қабілетін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады әрі өңірлер арасындағы көлік байланыстарын нығайтады. Сонымен бірге, Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық қатынастарды одан әрі күшейтпек.

Соңғы жаңалықтар