Жарақатына байланысты Астанаға келе алмағанына қарамастан, әлемнің үздік қақпашыларының бірі 2019 жылы берген уәдесін орындады. Ол арнайы тігілген, өз есімі жазылған COURTOIS маркалы қақпашы қолғабын Қазақстанға жолдады.
Ұлттық құраманың медиа офицері Сейіл Қожатайдың айтуынша, алты жыл бұрын Брюссельдегі матч кезінде ол Куртуадан қолғабын сұраған, алайда футболшы ол сәтте басқа жанкүйерге уәде еткенін айтып, кешірім сұраған. Биыл Бельгиядағы кездесуде сол әңгімені қайта еске салғанда, қақпашы: «Астанада беремін» деп уәде еткен.
Куртуа жарақатына байланысты Қазақстанға келе алмаса да, уәдесінде тұрып, қолғабын команда өкілі Руди арқылы беріп жіберген.
Спорт мамандарының пікірінше, бұл әрекет әлемдік деңгейдегі спортшылардың қарапайымдылығы мен жанкүйерге деген құрметін көрсетеді. Ашық дерекке қарағанда, қолғап жақын күндері Қазақстан құрамасының штаб-пәтеріне жеткізіледі.